Жалпыға бірдей декларациялау әділ салық салуға мүмкіндік береді. Бұл туралы бүгін Астанада халыққа есеп беру кездесуінде ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мәлім етті.
Министр бүгінде жалпыға бірдей декларациялау тұрғысында қоғамда көптеген сауалдар болып жатқанына тоқтала келе: «Бұл жүйе бізге әділ салық салуға қол жеткізуге мүмкіндік беретінін атап өткім келеді», - деді.
Осы тұрғыда Қаржы министрлігі осы жүйені енгізуді негізгі мақсаттардың бірі ретінде қарастырып отыр.
«Аталған жүйеде елеулі салықтық шегерістерді енгізу ескеріліп отыр, бұл өз кезегінде халыққа өз кірістерін білім алуға, ем алуға, ипотеканы жабу үшін жұмсауға мүмкіндік береді»,-деді Б. Сұлтанов.
Белгілі болғандай, осы шараларды атқаруға қажетті инфрақұрылым қазіргі кезде дайын тұр.
«Декларацияның тәртібі қарапайым және халықтың басым бөлігіне, яғни аса ірі табысы жоқтар үшін декларация бір ғана парақпен шектелетін болады. Біз тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Менің ойымша, бұл жүйе қиындықсыз енгізілуі тиіс»,-деді ол.