Елбасы: Қазақстан жерінде Бельгияның аумағымен бірдей аудан сынақ нәтижесінде зардап шекті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасы: Қазақстан жерінде Бельгияның аумағымен бірдей аудан сынақ нәтижесінде зардап шекті

23.06.2016
Елбасы: Қазақстан жерінде Бельгияның аумағымен бірдей аудан сынақ нәтижесінде зардап шекті

Бүгін «Россия 24» телеарнасына берген сұхбатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әлемде қарулануға қаржы көлемі артып келе жатқанын айтты.

Елбасы қазіргі заманғы әлемде сын-қатерлердің алдын алуға бағытында Қазақстан тарапы тиісті бастамаларды көтеруде моральдық тұрғыда құқылы екенін, яғни еліміз Семей ядролық полигонын жабу туралы шешім қабылдағанын, сондай-ақ ядролық зымырандық арсеналдан бас тарту туралы маңызды шешім қабылдағанын еске салып өтті. Осы ретте Мемлекет басшысы Қазақстан жерінде Бельгияның аумағымен бірдей аудан сынақ нәтижесінде зардап шеккенін атап өтті.

«Қазір қарап отырсақ, ұлы державалар арасында өзара сенім төмендеді. Сонымен қатар ядролық державалар арасында да сенім азайды. Бүгінде әлемде 15 мың ядролық оқтұмсықтар бар», - деп тоқталды Президент. Осы орайда Н. Назарбаев оның ішінде 4 мыңы дайын тұрғанын сөз етті.

«Сенім әлсіреген кезде түрлі-түсті революциялар жүреді, құлдыраған мемлекеттерде лаңкестіктің ошағы пайда болады. Бұл кейінен өзге өңірлерге таралады», - деді Мемлекет басшысы.

Атап айтқанда, өткен жылы барша әлемде қарулануға 1 трлн. 700 млрд. доллар жұмсалған көрінеді. Бұл тұрғыда өсім 1 пайызды құраған екен. Сонымен қатар былтыр қақтығыс салдарынан 167 мың адам көз жұмған.

«Осының барлығы алаңдатпай қоймайды. Сондықтан «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінде елдер арасындағы өзара сенімді жоғарылату үшін біздің атқаруымыз тиіс нақты алгоритм мен қадамдар қамтылған», - деді Президент.

Хабарламаларға жазылу