Н. Нығматулин VI шақырылған Парламент Мәжілісінің төрағасы болып сайланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Н. Нығматулин VI шақырылған Парламент Мәжілісінің төрағасы болып сайланды

22.06.2016
Н. Нығматулин VI шақырылған Парламент Мәжілісінің төрағасы болып сайланды

Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Бақтықожа Ізмұхамбетовтың отставкасынан кейін, депутаттар жасырын дауыс беру арқылы палатаның жаңа төрағасы лауазымына Нұрлан Зайроллаұлы Нығматулинды сайлады. 

ҚР Конституциясының 58-бабы, 1 тармағына сәйкес, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы мемлекеттік тілді еркін меңгерген, Мәжіліс депутаттарының арасынан палата депутаттары жалпы санының көпшілік дауысымен жасырын дауыс беру арқылы сайланады. Ал Мәжіліс төрағасының қызметіне кандидатураны палата депутаттары ұсынады. Осыған байланысты депутат Қуаныш Сұлтанов Мәжіліс спикері лауазымына Н. Нығматулинның кандидатурасын ұсынған болатын. Мәжілістегі партия фракциялары басшыларының барлығы да кандидатураны қолдады. Төрағаны сайлау бойынша құрылған санақ комиссиясының мәліметінше, жасырын дауыс беруге қатысқан палатаның 102 депутатының барлығы бірауыздан Н. Нығматулинның кандидатурасын жақтап дауыс берген.

Еске сала кетейік, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Парламенті Мәжілісінің «Нұр Отан» партиясы фракциясының кешегі жиынында Парламенттің алдағы уақытта атқарушы билікпен арадағы өзара іс-қимылды белсендірек жүргізуі қажеттігіне назар аударған болатын. «Біз Үкіметке жұмысты байыппен жүргізуге мүмкіндік бердік, белгілі бір жетістіктерге қол жеткізілді. Бірақ бұл жетекші саяси партиямыз «Нұр Отан» мен оның фракциясы Үкіметтің алдына қойылатын міндеттердің орындалуына қатаң қарамауы тиіс дегенді білдірмейді. Орындалуы қажет стратегиялық бағдарламалар бар. Біздің өз елімізде де, шет елдерде де орындалуын жұрт бақылап отырған негізгі міндетіміз - Бес институционалдық реформаның іске асырылуы жөніндегі «100 нақты қадам» ұлт жоспарын жүзеге асыру», - деген болатын Мемлекет басшысы.

Хабарламаларға жазылу