Кәрім Мәсімов шегірткемен күресте кемшіліктерге жол берген кінәлілерді жазалауға тапсырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кәрім Мәсімов шегірткемен күресте кемшіліктерге жол берген кінәлілерді жазалауға тапсырды

21.06.2016
Кәрім Мәсімов шегірткемен күресте кемшіліктерге жол берген кінәлілерді жазалауға тапсырды

Бүгін Үкімет отырысында Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов ОҚО мен Жамбыл облысында шегірткемен күресте кемшіліктерге жол берген кінәлілерді жазалауды тапсырды.

Отырыс барысында ҚР Премьер-Министрі бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысында шегірткенің таралуына байланысты қиын жағдай туындағанын айта келе, осы тұрғыда түсінік беруді тапсырды.

Өз кезегінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - ҚР Ауыл шаруашылығы министрі А. Мырзахметов биыл өңделетін жердің аумағы 1,8 млн. гектарды құрайтынын, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,4 млн. гектарға кем екенін атап өтті.

«Бұл ретте шегіртке шабуылы артып келе жатыр деп немесе 2000-шы жылда байқалған жағдай қайталанып отыр деп айта алмаймыз, керісінше қабылданған шаралардың арқасында шегірткенің таралуы аумағы жыл сайын қысқарып келеді»,-деді ол.

Оңтүстік Қазақстан мен Жамбыл облысындағы жағдайға тоқталған министр, бұл тұрғыда алқаптарды өңдеу жұмыстарының оңтайлы мерзімі кешеуілдеуі себеп болғанын жеткізді.

«Биыл қыс мерзімі жылы болды және көктем ерте келді. Осы ретте шегіртке тұқымдастарының жетілуі шамамен 15-20 күнге алға жылжыды. Сондықтан бұл факторды ескермегеннен кейін, бұл бағытта жасалатын қызметтерге конкурстар дер кезінде өткізілмеді. Атап айтқанда, препараттар жеткілікті болды және қаржы да қажетті сомада бөлінді. Тек тендерлер уақтылы жүрігізіліп, шегіртке таралатын аумақтарды өңдейтіндерді анықтау қажет болды», - деді А. Мырзахметов.

Оның сөзіне қарағанда, өңдеу жұмыстарының кеш жүргізілуін тексеру үшін тиісті комиссия құрылып, қызметтік тексеру жүргізілді.

Белгілі болғандай, аталған фактіге байланысты облыстық фитосанитарлық тексеру орталығының директоры (ОҚО) және оның Сарыағаш ауданындағы филиалының жетекшісі қызметтерінен босатылды. «Қазіргі уақытта Комитет басшылығының және оның ОҚО мен Жамбыл облыстарындағы құрылымдық бөлімдерінің жауапкершілігі қаралуда»,-деді ол.

Хабарламаларға жазылу