Елбасы Н.Назарбаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен кездесті

01.06.2016
Елбасы Н.Назарбаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен кездесті

Кездесуде мемлекеттер басшылары кең ауқымды мәселелерді, атап айтқанда, екіжақты ынтымақтастықтың басымдығы бар бағыттарын, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы өзара іс-қимылдың жай-күйін талқылады.

Қазақстан Президенті Ресейдің ең жақын көршіміз, экономикалық және саяси тұрғыдан одақтасымыз әрі серіктесіміз екенін, солай болып қала беретінін атап өтті.

«Біздің бірлесе жүргізген жұмыстарымыздың арқасында ТМД өмір сүріп келеді, Еуразиялық экономикалық одақ құрылды. Күрделі халықаралық жағдайларға қарамастан, ол бүгінде қызметін жалғастыруда. Мәскеуде өткен Жеңіс күні мерекесіне шақырғаныңыз үшін тағы да ризашылығымды білдіремін. Биыл бізде үлкен мереке – ТМД-ның құрылуының 25 жылдығы, сондай-ақ  ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер тәуелсіздігінің мерейтойлары, Ресей күні. Жалпы, біздің алдымызда ШЫҰ, ТМД мемлекеттері басшылары кеңесі, Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумы, сондай-ақ Петербург халықаралық экономикалық форумы аясында тығыз кездесулер кестесі тұр. Осындай кездесулердің көптігі біздің елдеріміз арасындағы қарым-қатынастың өзара сенімді сипатта екенін білдіреді. Талқылаулар арқылы біз кез келген мәселені шешіп келеміз, бұл ынтымақтастығымызды одан әрі дамытуға септігін тигізеді», – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, В.Путин 9 мамырда Мәскеуге сапармен келгені үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтты.

«Біз мұны айрықша қарым-қатынасымыздың белгісі деп бағалаймыз. Қазақстан – біз үшін жақын серіктес және ең сенімді одақтас. Арамызда берік экономикалық қарым-қатынас орныққан. Бұған дейінгі жылдарда Қазақстан экономикасы жақсы қарқын алып, оның дамуының іргелі негізі қаланды. Осының барлығы қазіргі қиындықтарды еңсеруге мүмкіндік береді. Еуразиялық экономикалық одақтан біз ешқандай «ғажайыптар» күтпейміз, бірақ интеграциялық өзара іс-қимыл бізге қазіргі қиындықтарды жеңуге көмегін тигізеді», – деді Ресей Президенті.

Хабарламаларға жазылу