Орталық Азия елдері мен Жапония арасындағы ынтымақтастық нығайып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Орталық Азия елдері мен Жапония арасындағы ынтымақтастық нығайып келеді

17.07.2014
Орталық Азия елдері мен Жапония арасындағы ынтымақтастық нығайып келеді

Еліміздің Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов «Орталық Азия мен Жапония» диалогы аясында мүше елдердің сыртқы саяси ведомство басшыларының 5-ші кеңесіне қатысты. Қырғыз Республикасы, Түркіменстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Жапония және Қазақстанның сыртқы істер министрлері Күншығыс елі мен Орталық Азия мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықты талқылады.

Жан-жақты қарым-қатынастың негізгі бағыттары - тұрақты даму, сауда-экономикалық байланыстар және қауіп-қатерге қарсы тұру жолдары.

Орталық Азия мен Жапония арасындағы ынтымақтастық өңірдегі мемлекеттермен өзара қарым-қатынасты дамытуға бағытталған. Жапон дипломаттарының айтуынша, ел үкіметінің басты мақсаты - серіктес мемлекеттердің тұрақты дамуына инвестиция салу.

Жапония өндірістік жобалар мен әлеуметтік- экономикалық және гуманитарлық салаға қаржы салуға мүдделі. Орталық Азия мемлекеттерінің әрқайсысының екіжақты қарым-қатынасқа негізделген маңызды бағыттары бар.

Ерлан Ыдырысов, ҚР Сыртқы істер министрі:

Жапонияның инфрақұрылымдық жобалар мен ауыл шаруашылығы саласына қолдау көрсетуге әлеуеті зор деп есептеймін. Өзге мемлекеттермен де осындай қарым-қатынас жолға қойылды.

Орталық Азия-Корея, Орталық Азия-Еуроодақ диалогтары бар. Бұны аймақтағы мемлекеттер арасындағы екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға саяси маңыз беретін пікір алмасу алаңы деп санаймын.

Кеңес осымен 5-ші рет өткізіліп отыр. Екі жылда бір өтетін алқалы жиын бірлескен іс-әрекетті ұйымдастыруға бағытталған.

Жапонияның Орталық Азия мемлекеттерімен бірлескен жобаларды жүзеге асыруы өңірдегі жағдайға да өз әсерін тигізеді. Мәселен, Қырғыз Республикасында мемлекеттік қызметшілерді даярлайтын бағдарлама жұмыс істеуде.

Фумио Кисида, Жапонияның Сыртқы істер министрі: 

Бүгін конструктивті және ашық сұхбат өтті, мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері бойынша пікір алмастық. Бұл Орталық Азия елдерінің дамуына бағытталған шараларды анықтауға мүмкіндік берді.

Енді екі жылдан кейін «Орталық Азия - Жапония» диалогына мүше мемлекеттер Ашхабадта кездеседі. Кеңес төрағалығы ресми түрде Түркіменстанға өтті.

Хабарламаларға жазылу