Түркияда «Қазақстан-2050» стратегиясы талқыланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияда «Қазақстан-2050» стратегиясы талқыланды

06.03.2014
Түркияда «Қазақстан-2050» стратегиясы талқыланды

«Жаңа Еуразия және Қазақстан». Осы тақырыпта Анкарада «Қазақстан-2050» стратегиясының негізгі қағидаларына арналған жиын өтті. Шараға Түрік еліндегі дипломатиялық миссиялардың басшылары, сыртқы істер министрлігі және бірнеше халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.

 
Еліміздің Түркиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Жансейіт Түймебаев жиылған қауымды Қазақстанның 2050-ші жылға дейінгі даму бағдарламасымен таныстырды.
 
Қазақ елі 2050 жылға дейінгі даму бағдарламасын дер кезінде қабылдады. Жаһан экономикасында күрделі өзгеріс болып жатқан уақытта, - бұл нағыз таптырмайтын құжат. Себебі, мемлекеттің болашақ даму жоспары нақты белгіленген. Бұл - түркиялық сарапшылардың пікірі.
 
Алев Кылыч, Еуразиялық зерттеулер орталығының директоры:
Еуразия кеңістігінде экономикасы қарқын алып келе жатқан бірнеше ел ғана бар. Қазақстан- солардың бірі. 2050 стратегиясын қабылдау батыл шешім деп санаймын. Бұл әрекет Ұлт көшбасшысының бастауымен мемлекет жарқын болашаққа, алдағы дамуына стратегиялық жоспар құра отырып, қадам жасап жатқанын білдіреді.
 
Жиын барысында Түрік еліндегі елшіміз Жансейіт Түймебаев Қазақстанның 2050 стратегиясының басым бағыттарына тоқталды.   Дипломаттың айтуынша, Қазақ елі 2030 жылға дейін алдымен экономиканы жан - жақты дамытып, бәсекеге қабілетті индустриалды сектор құрғысы келеді.
 
Чинар Алдемир, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің атқарушы директоры:
Қазақстан 2030 бағдарламасы сияқты, 2050-ді де еңсеретіні сөзсіз. Себебі, бұл ел өзін- өзі дәлелдей білді. Түркия бауырлас елдің жетістігін қолдап, қостап отырады үнемі. Сондықтан бұл бағдарламаларыңыз да өз жемісін берсін дегім келеді.
 
Жиынға қатысушылар 2050 стратегиясына қатысты көкейде жүрген көптеген сауалдарын қойып, оған толыққанды жауап алды. Осы шара аясында екі елдің достығына арналған фотокөрме ұйымдастырылды.
 
 
Бақытжан ОМАР

Хабарламаларға жазылу