Кедендік одақтың арқасында отандық кәсіпкерлерге көрші елдердің нарығы ашылып, соның арқасында сауда-саттықтың көлемі артып келеді.
Ал алдағы уақытта Еуразиялық экономикалық одақ құрылса, интеграциялық процестің тиімділігі еселеп артуы тиіс. Мәселен, мамандар қаржы нарығы мен әлеуметтік салада бірқатар оң өзгерістер болады деп отыр.
Еуразиялық экономикалық одақ 2015 жылы құрылуы тиіс. Қазір Қазақстан, Ресей және Беларусь елдері осы құрылымның келісімшартын әзірлеп жатыр. Құжатқа сәйкес, алдағы жылдары одақ құрамындағы кез-келген елдің қарапайым азаматы да, кәсіпкері де, интеграцияның пайдасын айқын сезе бастайды.
Тимур Сүлейменов, Еуразиялық экономикалық комиссияның экономика және қаржы саясаты жөніндегі министрі:
Тауаралмасу одан әрі жеңілдейді. Себебі, қазір тауар тасымалына кедергі жоқ дегенмен, медициналық қондырғы, дәрі-дәрмек сынды кейбір заттарды сатуда шектеулер бар. Еуразияиялық одақ құрылғанда, олар толықтай жойылады. Екіншіден, құрылыс, көлік тасымалы сынды қызмет көрсету саласындағы компаниялар, енді кез-келген елге барып, арнайы рұқсат алмастан жұмыс істей береді. Үшіншіден, қарапайым адамдар үшін әлеуметтік жеңілдіктерді теңдей алуға жағдай жасалады. Мәселен, Мәскеуге келсеңіз, енді Ресей азаматтарымен бірдей медициналық көмек алатын боласыз. Білім мен зейнетақы салаларына қатысты да дәл осындай тең жағдай болады.
Кедендік одақ дегеніміз, қарапайым тілмен айтқанда, негізінен кедергісіз тауар тасымалдау. Ал Еуразиялық одақ одан өзге де маңызды салалар бойынша ықпалдастықты бекітеді. Соның бірі, барлық ел үшін маңызды сектор саналатын, қаржы нарығына қатысты.
Алдағы жылдары бұл салада бәсекелестік күшейіп, қазіргіге қарағанда арзан несие беріле бастайды.
Тимур Сүлейменов, Еуразиялық экономикалық комиссияның экономика және қаржы саясаты жөніндегі министрі:
2020 жылдан бастап, Еуразиялық одақ құрамындағы мемлекеттер бір-бірінің лицензиясын тани бастайды. Бұл банк секторына, сақтандыру компанияларына және құнды қағаздар нарығына қатысты. Яғни, Ресей немесе Беларусь нарығына келген кезде қаржы құрылымдары қайтадан тіркеуден өтпейді. Немесе біздің елге де одақтас елдердің банктері келіп кедергісіз жұмыс істей береді. Бұл тұтынушыларға да тиімді.
Өткен жылы Кедендік одақ елдерінде жұмыссыздық деңгейі 1,1 пайыз болды. Ал өзара сауда-саттықтың сапасы артты. Яғни, бұған дейін бір-біріне көбінесе шикізат сатып келген елдеріміз, бұл күндері өңделген өнімді көптеп экспорттай бастады. Енді Еуразиялық одақ құрылса, тауаралмасу мөлшері артып, әрбір елдің экономикасы одан ары жақсаруы тиіс.
Нұртас СОЛТАНҰЛЫ