Мұнайлы өңірге демалуға келушілер саны 5 пайызға артқан

13.08.2019

Атырауда отандық туризм саласы күн санап дамып келеді. Өткен жылмен салыстырғанда, мұнайлы өңірге ат басын бұрушылар саны 5 пайызға артқан.  Оларды аймақтағы тарихи орындар мен табиғат аясы ерекше қызықтыратын көрінеді. Соңғы кездері , демалушылардың назары «Ақжайық» мемлекеттік резерватына ауған. Бұл жерде балық пен су туризмі кеңінен қанат жаюда.

Демалушылар қорық аумағында балық аулау мүмкіндігіне биыл алғаш рет ие болды. 3 айдың ішінде өзен тармағына  700 адам қармақ салды. Солардың бірі — Тілек Нығметов. Ол сүт пісірім уақытта 4 балық аулап үлгеріпті.  

Тілек Нығметов, әуесқой балықшы:

Жұмыстан, күйбең тіркеліктен босап, бір бой жазуға келгенде тамаша демалуға негіз беретін оң бастама деп  санаймын. Ризамыз!

111 мыңнан астам гектар аумақты алып жатқан резерватта Шағалалы  аралы да орналасқан. Бұл орын әлемдік құс жолының бойында тұр. Су ортасындағы алақандай құрлық қанаттылардың жұмағына айналған. 

Жандос Темірғали, тілші:

Мұнда қанаттылардың 292 түрі бар. Оларың 36-сы Қызыл кітапқа енген. Жалпы, аралға маусым сайын 5 миллионға жуық құс келеді. Олар мұнда жұмыртқа басады, қоректенеді, кейін, басқа жаққа ұшып кетеді.

Ислам Қадырбаев, «Ақжайық» мемлекеттік резерватының маманы:

Мұнда құстардың көбеюіне ешқандай фактор мазаламайды. Сондықтан  құстар үшін маңызы зор.

Аралдан маусымында  қоқиқаз бен қызыл тырналарды да кездестіруге болады.   Көктем айларында бұл жерде 20 мыңға жуық шағала балапан өргізеді екен. Сондай-ақ, мұнда сирек кездесетін бұйра бірқазанның 600-дей жұбы мекендейді. Бұл әлемдегі осы тектес құстың 12 пайызын құрайды. 

Илья Бофонов Қорық, орнитологы:

Көктем мен күз айларында құстардың алуан түрін көруге болады. Аралдың суы тайыз болғандықтан, ұсақ балықтар мен шабақтарға өте бай. Яғни құстар үшін қоректік азық жеткілікті.

Табиғи қорық —  ішкі туризмді одан әрі дамытуға қолайлы  теңдессіз орын. Алдағы уақытта келушілерге арналып түрлі қызметтер ұсынылмақ. Бұл бастамалар —  демалушылардың бұғып жатқан ғажайыптармен етене танысуына мүмкіндік береді.  
 
Жандос ТЕМІРҒАЛИ
 

Хабарламаларға жазылу