Еліміздің қасиетті жерлерін аралаған шетелдік жиһанкездер әсерлерімен бөлісті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздің қасиетті жерлерін аралаған шетелдік жиһанкездер әсерлерімен бөлісті

12.08.2019

Қазақстан еуропалықтардың көзімен. Екі апта ішінде еліміздің қасиетті жерлерін аралап шыққан шетелдік жиһанкездер бүгін елордада әсерлерімен бөлісті. Еуропалық бір топ саяхатшы Ұлытау, Қарқаралы, Шыңғыстау, Алакөл, Алтын Емел мен Балқаш өңірлеріне барып келген. 4 мың шақырым жерді басып өткен шетелдіктердің экспедициясына «Қазақстанның 100 жаңа есіміне» енген Мағжан Сағымбаев жетекшілік еткен. Экспедиция барысында олар Жидебайдағы Абай музейіне де барып, Герольд Бельгер аударған ұлы ақынның «Жаз» өлеңінің көшірмесін тапсырған екен. Одан соң экспедиция мүшелері Алакөлде, Алтын Емелдегі таулар мен Бесшатыр қорғанында болып, Алматы арқылы бас қалаға келіп отыр.

Кристин Муттонен, ЕЫҚҰ Парламент ассамблеясының бұрынғы президенті, «Ұлы дала елінде» экспедициясына қатысушы:

Біздің топта әртүрлі сала мамандары болды. Германия, Австрия мен Финляндия азаматтары бар. Көбіміз Нұр-сұлтан мен Алматы қалаларында болғанымызбен, басқа өңірлерге жолымыз түспеген еді. Осы тамаша экспедицияның арқасында Қазақстанның қасиетті жерлерін көре алдық. Қазақтар үшін 4000 шақырым аз шығар, бірақ біз еуропалықтар үшін бұл – үлкен сапар. Ең қатты әсер еткені, сөзбен жеткізе алмас әсем табиғат пен халықтың қонақжайлығы.

Альбина ӘШІМ

 

 

 

 

Хабарламаларға жазылу