Орал өңірінде газтурбиналық электр станциясы салынуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Орал өңірінде газтурбиналық электр станциясы салынуда

30.07.2014
Орал өңірінде газтурбиналық электр станциясы салынуда

Орал өңірінде қуаты 200 мегаваттық газтурбиналық электр станциясының құрылысы жүріп жатыр. Нысан Белес ауылының маңында орналасқан.   

Бұл  жоба жүзеге асырылғанда, облыстың Ресейден тасымалданатын электр қуатына тәуелділігі жойылады.

 Электр станциясының Белес ауылында салынуының өзіндік сыры бар. Тоғыз жолдың торабында орналасқан елді мекенде өңірдегі ірі диірмен кешені жұмыс істейді.

Ал, алдағы жылдары индустриялық аймақ құру көзделген. Қазір «Батыс Пауэр» серіктестігінің күшімен станция құрылысы қарқын алған. 

Александр Казин,  ЖШС бақылаушы кеңесінің төрағасы:

Қазір жобаның бірінші кешені жүзеге асырылуда. Жалпы, жоба бойынша 100 мегаваттық екі турбина құрылысы және жылуды залалсыздандыру блогы салынады. Жылу блогы электр қуатын 300 мегаваттқа дейін өндіруге және шығынды азайтуға мүмкіндік береді. Бұл құрылыстың бір қызығы,  әрі күрделілігі  құрылымдардың түгелі дерлік жердің астында орналасады.

Құрылыстың тағы бір ерекшелігі - шетелден әкелінген турбина, генератор секілді құрал-жабдықтардың барлығы Жайық өзені арқылы баржамен бөлшектеусіз тасылды.

Станцияның технологиялық жобасын америкалық «Вуд групп» компаниясының Германиядағы филиалы дайындаған.

Бернд  Штер, құрылыс бойынша менеджер:

Қазір турбина мен генератордың іргетасы қаланып бітті. Жақын арада генераторды іргетасқа қондырамыз. Өрт сөндіру жүйесінің жұмыстары да жүргізілуде. Қазір механикалық, электр өткізу, құрылыс жұмыстарына жұмысшылар тартылды.

145 миллион АҚШ доллары  тұратын  жобаға компания өз қаражатын салды. Қазір мұнда ауылдың 85 тұрғыны жұмыспен қамтылған. Бұған қоса инвестор жергілікті жолдарды жөндеуге де көңіл бөлген.

Адам Имашев, Белес ауылының әкімі:

Халықтың жағдайын жақсарту дегеніміз ол - жол мәселесін шешу. Биыл 8 шақырым жерге  жөндеу жүргізілді. 2015 жылы толықтай тас жол төселетін болады.

Бүгінде облыс өзін-өзі электр қуатымен 95 пайызға қамтамасыз етеді. Қалған 5 пайызын Ресейден алады.

Белестегі электр станциясының іске қосылуымен өңір Ресейден алатын электр қуатына тәуелділіктен толық арылып, экспорттауға мүмкіндік алады.

Рауан ДИӘЛИ

 

Хабарламаларға жазылу