Қызылорда облысында жылу электр орталығының құрылысы басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысында жылу электр орталығының құрылысы басталды

24.10.2023

Республика күніне орай Қызылордада жаңа газтурбиналық жылу электр орталығының құрылысы басталды. Стратегиялық маңызды нысан жеке инвестордың қаржысына салынады. Ал шаһардың сол жағалауынан «Жайлы мектеп» жобасы аясында 900 орындық білім ошағының іргетасы қаланды.

Жайлы мектептің іргетасы қаланды

Қаланың жаңа мөлтек ауданында тұрғындар көптен күткен мектептің құрылысы басталды. «Самұрық-Қазынаның» қаржысына салынатын білім ошағының аумағы 3 гектардан асады. Мұнда үш қабатты ғимарат бой көтеріп, жанына спорт алаңдары салынады. Өңір бойынша осындай бірнеше мектеп бой көтереді.

Нұрлыбек Нәлібаев, Облыс әкімі:

Біздің өңірімізде ұлттық жоба аясында мемлекет басшысының бастамасымен 21 «Жайлы мектептің» құрылысы салынуда. Оның 10-ы қазіргі таңда басталды. Ол келесі жылдың білім күніне орай 1 құркүйекте ел игілігіне пайдалануға берілетін болады.

Жылу электр орталығының құрылысы басталды

Сондай-ақ, шаһар үшін маңызды жоба жаңа газтурбиналық жылу электр орталығының іргетасы қаланды. Оған Түркияның осы саладағы белді «Акsa Energy» компаниясы 75 миллиард теңге инвестиция құйып отыр. Стратегиялық нысан келешекте қала халқын жылумен ғана емес 240 мегават электр қуатымен де қамтамасыз етеді.

Алған Сарачоғлу, инвестор:

Жылу электр орталығы заман талабына сай болады. Оның газтурбиналық құрылғылары Америкадан, бу турбинасын Европадан, қазандықтарын Италиядан әкеп орнатамыз. Нысанның құрылысына 700-ден аса адам жұмылдырылады. Жобаны мерзімінде іске қосамыз деп сеніммен айта аламын.

Қызылордадағы газтурбиналық жылу электр орталығы еліміздегі инвестор есебінен салынатын алғашқы ауқымды жоба. Сондықтан жергілікті билік тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілуде. Ал маңызды нысанның құрылысы 2025 жылдың тамызында аяқталады.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу