Бақ қонған берекелі отбасы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бақ қонған берекелі отбасы

07.08.2019

Бақытты отбасының кілті – бірлік пен татулықта. Ал, саналы ұрпақтың кепілі ұлағатты тәрбиеде. Бұл қанатты сөздер, атыраулық Тілекқабыловтар әулетінің айнымас бағдарына айналған. Көпке үлгі болған жанұядан білікті мұғалімдер мен мұнайшылар, әлемді мықтылығымен бағындырған спортшылар шыққан.

Берекесі тасыған әулет, бүгінде «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының ақтық кезеңіне жолдама алып, сайысқа қызу дайындық үстінде. Толығырақ, меншікті тілшіміз Жандос Темірғали әңгімелейді.

Ауыл-аймаққа сыйлы отбасының ақжаулықты анасы Аймекен Қабдешқызы бүгінде 83 жаста. Отағасы Төлеш Құрақұлы, білім беру саласында 40 жылдан астам уақыт еңбек еткен, елге белгілі аузы дуалы ақсақал болыпты. 5 жыл бұрын өмірден озған. Ақсамайлы әжей, 8 ұл-қызынан, 28 немере мен 16 шөбере және 6 жиен сүйіп отыр.

Аймекен Тілекқабылова, еңбек ардагері, «Алтын алқа» иегері:

Адам жақсы болу үшін, өзін өзі тәрбиелеу керек. Қала берді, сол жақсылықты кейінгі ұрпаққа жалғастырып, жақсы өмір сүруге көмектессе, инабатты үлгілі семья болып кетеді деп есептеймін мен өзім.

Асхат Төлешұлы, қара шаңыраққа ие болып қалған отбасының төртінші ұлы. Ол да әке жолын қуып мұғалім атанды. 30 жылға жуық уақыт, жары Нарни екеуі санмыңдаған шәкіртті білім нәрімен сусындатты.

Асхат Тілекқабыл, Есбол орта мектебінің директоры:

Білім мен тәрбие егіз болуы керек. Себебі біздің отбасында да тәрбиеге үлкен мән берілген. Әкем айтушы еді, «Әй шырақтарым, кәпірдің баласы атандырмаңдаор» деп. Аржағында үлкен мағына жатыр.

Нарни Тілекқабыл, Есбол орта мектебінің ағылшын тілі пәні мұғалімі:

Негізі отбасында ерлі зайыптылар бір салада жұмыс жасағаны жақсы сияқты. Себебі, бір бірімізге біздер түсіністікпен қараймыз. Үлкен кісілердің бізге жақсы ұстаз болып кетуімізге, жақсы отбасы болып кетуімізге , ол кісілердің септігі көп тиді.

Бақ қонған берекелі отбасынан жеңімпаздар да шықты. Олардың қатарында, Абылай Төлештің есімі ерекше аталады. Өйткені ол- ережесіз жекпе-жектен әлем чемпионы. Қазақтың мықтылығын төрт күл дүниеге паш етіп жүрген жалынды жас, жеңіс тұғырынан жиі көрінуін, өз жанұясымен тығыз байланыстырады.

Абылай Төлеш, панкратионнан әлем чемпионы:

Мен осындай отбасында дүниеге келгеніме бақыттымын.Осындай ата-анам, бауырларым бар. Алдағы уақытта, кәсіпқойлар арасында әлем чемпионы атанып, сол кісілердің қуанышын көріп, сенімдерін ақтап, Қазақ елінің көк туын желбіретіп, әлем чемпионы белдігін өзімнің туған жеріме, туған ауылыма әкеліп, сол кісілердің көз қуанышын көру.

Бүгінде, мәуелі бәйтеректей жайқалып өскен отбасы мүшелері, ұлттық байқауға тыңғылықты дайындық үстінде. Олар тағы бір мәрте өздерінің «Мерейлі отбасы» екендіктерін дәлелдемек.

 

Жандос Темірғали

 

Хабарламаларға жазылу