«Түнгі сот» пилоттық жобасы оң нәтиже бере бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Түнгі сот» пилоттық жобасы оң нәтиже бере бастады

02.08.2019

Пилоттық жоба ретінде басталған «Түнгі сот» жобасы жаппай тәжірибеге енгізілуі мүмкін. Себебі мұндай сот арқылы дауларды шешу халыққа да, судьяларға да тиімді екенін көрсеткен. Мысалы, жол көлік оқиғасына қатысты даулар бұрын апталап-айлап қаралып, азаматтар сақтандыру компаниясынан берілетін ақшаны ұзақ күтетін. Ал «Түнгі сот» жобасы арқылы жол-көлік оқиғасынан кейін сот шешімі санаулы күннің ішінде қолға тиеді.

Әлішер Анапияновтың көлігін осыдан бірнеше күн бұрын өзге бір жүргізуші соғып кетті. Оқиға орнында хаттама толтырар кезде, «Түнгі сот» қызметін таңдаймын деп көрсеткен. Енді, міне арада 3 күн өткенде ісі сотта қаралуда. Яғни көп кешікпей сот шешемін қолына алып, сақтандыру компаниясына барады, шығынды өндіреді.

 

Әлішер Анапиянов, қала тұрғыны:

«Түнгі сот» жобасы туралы естімеппін. Хаттама толтырарда инспектор айтты. Жұмыс уақытынан кейін деген соң таңдадым. Себебі күндіз уақыт аз. Ең бастысы, «Түнгі сот» арқылы сақтандыру компаниясынан ақшамды тез алып, көлігімді жөндеп аламын. Ал әдеттегідей тәртіппен шағымдансам, ақшаны алу үшін кемінде бір ай уақыт кетер еді.

 

«Түнгі сот» жобасын сынақтан өткізу тура бір жыл бұрын басталды. Осы уақытта тек елордадағы әкімшілік сотта 5 жарым мың іс жеңілдтілген тәртіппен қаралған.  Түнгі сотта кезекші судья кешкі жетіден онға дейін істерді қарайды. Күндізгі судьяларға да ауыртпалық азайған. Себебі түнгі сотта бір кештің өзінде 50 іске дейін қаралады.

 

Уәлихан Рахматуллаев, Нұр-Сұлтан қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы:

«Түнгі сот»  жобасына әкімшілк сотта айына бір судьядан кезекшілікке тұрып, тағайындалып отырады. Осыған сәйкес, 8 сағаттың еңбек уақытын біз бұзбаймыз. Яғни түнгі сотқа кезекшілікке түскен судья келесі күні 14:30 дан жұмысқа шығады. содан кешкі 5 жарымға дейін жұмыс жасайды.

 

Дауды жылдам шешіп, сақтандыру компаниясынан ақшаны ертерек алуға тараптар қашанда мүдделі. Сондықтан «Түнгі сот» жобасына жүгінетіндер саны артып келеді. Ішкі істер министрлігі мен судьялар жобаны заңға кіргізіп, жаппай тәжірибеге енгізуді ұсынып отыр.

 

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

Хабарламаларға жазылу