Атырауда мұнай өңдеу зауытының іргесінде тұрып жатқан жұрт кәсіпорыннан шығатын зиянды заттар берекемізді қашырды деп шағымданды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырауда мұнай өңдеу зауытының іргесінде тұрып жатқан жұрт кәсіпорыннан шығатын зиянды заттар берекемізді қашырды деп шағымданды

31.07.2019

Атыраудағы мұнай өңдеу зауытының іргесінде тұрып жатқан жұрттың жанайқайы. Жергілікті билік 2014 жылы тұрғындарды қауіпті аумақтан көшіре бастаған. Алайда санитарлық шекараға кірмейді деген себеппен он үй оқшауда қалып қойыпты. Мұндағы халық «көрген күніміз бұлыңғыр» дегенді айтады. Өйткені кәсіпорыннан шығатын түрлі зиянды заттар тұрғындардың берекесін қашырған.

Зауыттың зардабын тартып отырған тұрғынның бірі 75 жастағы Қағаз әжей.  10 құрсақ көтерген ана бәрінен бұрын балаларының денсаулығына алаңдайды. Зауыттан шыққан зиянды қалдықтардан дімкәс тартқандар көп. Кәсіпорынның жаңа бөлігі іске қосылғалы жағдай одан бетер қиындады. Тіпті бақшадағы жасыл желек те өнім бермейді деп налиды. 

 

Қағаз Қарабалиева, тұрғын:

Алма талымыз тұнып, мөлдіреп тұратын еді. Бұрын нән қылып беретін еді, қазір кішкентай етіп береді. Бәрі осы газдың кесірі.

Бұл аумаққа тұрғындар 80 жыл бұрын қоныстанды. Кезінде берекесі тасыған жұрттың бүгінде базары тарқаған.

 

Жандос Темірғали, тілші:

Үйлердің зауытқа жақын орналасқаны көрер көзге көрініп-ақ тұр. Мұндағылар жағымсыз иіс пен құлақ тұндыратын техника дыбысынан әбден зәрезап болғандарын айтады.  Тұрғындар дәлел ретінде, тіпті, мынадай кәсіпорын лаулатқан отты да суретке түсіріп алыпты.

 

Айтыңызшы, аға, мұндай жағдай сіздерде жиі бола ма?

 

Балтас Тәжиев, тұрғын:

Мұндай жағдай бізде екі күннің бірінде болып тұрады. Жаңағы қатты дауыс ұйықтатпайды. Таңертең тұрғанда азар тұрамыз.

 

Қауіпсіздігін ойлаған тұрғындар лек-легімен талай табалдырықты тоздырған. Бума-бума арыз да жазған. Бірақ нәтиже жоқ.

 

Мөлдір Молдаханова, тұрғын:

Биыл тағы кірдік Ноғаевқа. Айттық, ең болмағанда бізді көшіріп, бірдеңе жасаңыздар. «Сендерге басқа ештеңе істей алмаймыз, күтіңіздер, соттасыңыздар»,- деді.

 

Әлия Жәмитова, Қалалық әкімдіктің баспасөз хатшысы:

Бұл он үй санитарлық-қорғаныш аумағына кірмейтіндіктен, тұрғындарын көшіруге құқығымыз жоқ.  Бұл мәселемен сол жердегі адамдардың арызы бойынша құқық қорғау органдары мен сот бірнеше рет айналысып, олардың арыздарын қанағаттандырмады.  

 

Ал экологтардың өз айтары бар. 805 гектар аумақты алып жатқан зауытқа, осы жылдың бірінші жартысында-ақ, экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін 31 миллион теңгеден астам айыппұл салыныпты.

 

Жолдасқали Телағысов, Облыстық экология департаментінің бөлім басшысы:

Атмосфералық ауаға ластаушы заттарды шығарындысы бойынша, нормативтен тыс лақтырған уақыттары болды. Және апатты жағдайлар болды. Қоршаған ортаға келтіріп жатқан залалы көп. 2018 жылдан қазіргі кезеңге дейін, АМӨЗ-на жалпы құны 53 миллион 533 мың теңгені құрайтын айыппұл салынды.

 

Жұртшылықтың базынасын мұнай өңдеу зауытына жолдадық. Кәсіпорынның берген жазбаша жауабында, аталған үйлердің санитарлық-қорғау зонасына кірмейтіні жазылған. Енді тұрғындардың бар үміті жоғары билікте. Олардан қайран болмаса, халықаралық құқық қорғау ұйымдарына шағымданамыз деп бекініп отыр.

 

Жандос ТЕМІРҒАЛИ

Хабарламаларға жазылу