Шығыс Қазақстан облысында су құзғындары балықты қырып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Қазақстан облысында су құзғындары балықты қырып жатыр

25.07.2019

Шығыс Қазақстан облысында су құзғындардың кесірінен өзен-көлде балық азайып барады. Оның үстіне жағалаудағы ағаштар да қурап жатыр. «Марқакөл» мемлекеттік табиғи қорық қызметкерлері осылай деп дабыл қағуда. Олардың айтуынша, соңғы бірнеше жылда зиянкес құстың бұл түрі тым көбейіп кеткен. Оған қарсы әрекет етуге рұқсат жоқ. «Қомағай құстарға қарсы шара қолданбаса, көлде балық құрып, жасыл желектен түк қалмайды»,- дейді мамандар.

 

Берік Көшербай, тілші:

Бұл ерекше қорғалатын табиғи қорық болғандықтан аң-құстар адамдардан қатты қорықпайды. Сондықтан су құзғынның биылғы балапанын қолмен де ұстап алуға болады. «Жалпы көктемгі санақ бойынша қорық аумағында 1500-ге жуық үлкен су құзғын болса, қазіргі таңда балапандармен бірге олардың саны 4-5 мыңға жуықтады»,- дейді мамандар.

 

Суқұзғындар 2014 жылдан бері жаппай көбейген. Кей жылдары күзде олардың саны 8 мыңға дейін жеткен. Әрқайсы күніне кем дегенде  3 киллограмға дейін балық жейді.

 

Шәріпхан Жүнісов, қорықшы:

10-15 тереңдікке дейін түсіп, су астында 8-10 минутқа дейін шыдайды. Сосын олар балықты жаппай қаумалап әкеліп жағаға шығарады, сосын талқандап жейді.

 

Марқакөлде майқан және өзге балықтың бірнеше түрі бар. Уылдырық шашқанда және күзде шабақтар өзендерден көлге қайтатын кезде су құзғындар балықты қынадай қырады. Әдетте олар ұясын жерге салады. Ал  Марқакөлде ағаштың басына шығып алған. Құстың саңғырығынан жағалаудағы ағаштар да  қурап біткен.

 

Рахат Айтқазин, «Марқакөл» мемлекеттік табиғи қорықтың бөлім басшысы:

Шығыс Қазақстан облыстық ветеринарлық клиникаға да жаздық. Олар зерттеп, «иә, эпизотия-эпидемия болуы мүмкін деген»,- хат жолдаған. Біз хатты, бақылау мен есеп көрсеткіштерін Нұрсұлтан қаласына, Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетіне жіберіп жатырмыз.

 

Қазір суқұзғындар Шығыс Қазақстандағы өзен көлдердің көбінде бар. Табиғат қорғау мамандары олардың санын шектеу үшін арнайы рұқсат сұрап отыр. Өйтпеген жағдайда,  аймақтың экожүйесіне құстардың залалы  орасан болуы ықтимал.

 

Берік КӨШЕРБАЙ

 

 

 

Хабарламаларға жазылу