Петропавлда суағарлар мәселесі өзекті болып тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Петропавлда суағарлар мәселесі өзекті болып тұр

25.07.2019

Петропавл қаласының тұрғындары күн жылынғанда, еріген қар және жаңбыр суымен арпалысып, әлекке түседі. Өйткені осыдан 50 жыл бұрын қазылған суағарлар бітеліп, көшелері көлге айналады, шеткері аудандардағы ми батпақта қатынау қиынға түседі. Жергілікті коммуналдық қызметтер жыл сайын тазалағанымен, арықтар мен жерасты суағарларының аздығы салдарынан бұл жағдай қайталана береді.

Посысаевтар отбасының Украин көшесіндегі мына үйде тұрып жатқанына 30 жылдан асты. Жыл сайын қар ерігесін қолына айыр-күрегін алып жылға тазартады.

Анатолий Посысаев, қала тұрғыны:

Тазалап отырмасаң, жыраны аршып қоймасаң, су жайылып, аулаға кіреді. Мына жердегі суағар толса, бізге қарай ағады. Коммуналдық қызметтер көктемде бір төбе көрсетеді, содан келесі жылға дейін көрмейміз.

Жұмысшы кентіндегі барлық көшенің жағдайы бір, жаңбыр жауса, көшеге шығудан қалады. Жолдары ойдым-ойдым болғасын су тұрып қалады.

Сағындық Сәбитұлы, тілші:

Күн жылынысымен Жұмысшы кенті тұрғындарының көретін күні осы. Өздері жыра қазып, судың жолын тазалап отырады. Ал коммуналдық қызметтер бұл жаққа ат басын анда-санда ғана бұрады. Сондықтан тұрғындар өз күндерін өздері көруге мәжбүр.

Петропавлда ұзынды-қысқалы 300-ден астам көше бар. Олардың жалпы ұзындығы - 366 шақырым. Бірақ суағарлардың ұзындығы 92 шақырым ғана. Оның 42 шақырымы арық, 48-і жерасты құбыры. Оның өзі жарты ғасыр бұрын салынған. Сондықтан ескіні жамап, естері шығып жүреді.

Әсем Айтулова, қалалық ТҮКШ бөлімінің бас маманы:

Суағарларды жөндеу жұмыстары мамыр айында басталды. Бүгінге дейін 500-ден астам құдық пен 800-ден астам торқақпа жөнделді. Бұл жұмыстар әлі жалғасып жатыр.

Шеткері аудандар ғана емес, орталық көшелердегі жағдай да мәз емес. Суағарлардың жоқтығы мен асфальт төсеген құрылыс компанияларының жауапсыздығынан жаңбырдан кейін көлкіп тұрады. «Сондықтан суағарлар желісін көбейтпесе, жағдай өзгермейді», - дейді тұрғындар.

Сағындық СӘБИТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу