«Семей май зауытының» өнімдеріне сұраныс жоғары - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Семей май зауытының» өнімдеріне сұраныс жоғары

25.07.2014
«Семей май зауытының» өнімдеріне сұраныс жоғары

Еліміздің кәсіпорындары Кедендік одақтың пайдасын көріп келеді. Көрші елдермен қарым-қатынас жанданып, салықтық төлемдер жүйеленді. Түрлі салада әріптестік нығая түсті.

Соның арқасында ісі оңға басқан кәсіпорындардың бірі - «Семей май зауыты» ЖШС. Кәсіпорын алдағы уақытта Еуразиялық экономикалық одақ аясында да мүмкіндіктерді пайдаланып, өндірісті одан әрі дамытуды көздеп отыр.

«Семей май зауыты» - осыдан 13 жыл бұрын құрылған кәсіпорын. Техникалық майлар мен сұйықтықтар, темір және полиэтилен ыдыстар шығарумен айналысады.

 Шағын өндірістің ширауы Кедендік одақ құрылғалы байқала бастады. Қазір зауыт өнімдері ел көлемінде үлкен сұранысқа ие. Қажетті шикізаттар отандық  ірі мұнай зауыттарынан бөлек, Ресейдің Қазан, Бийск және Буденновск қалаларынан тасымалданады.

Мария Климова, зауыт менеджері:

Сапасы анағұрлым жақсы әрі бәсекелестікке қабілеттілігі жоғары өнім өндіруге тырысамыз. Зауыттан шыққан өнім тек қана Қазақстанның талаптарына емес, сонымен қатар, Кедендік одақ аясында Ресей мен Беларусь елінің де сапалық талаптарына сай болуы керек.

Отандық өндіріс болашақта өнімдерін көрші  мемлекеттер нарығына шығаруды көздеп отыр. Бұл тұрғыда Еуразиялық экономикалық одақтың берері мол болатындығына сенімді.

Татьяна Боровикова, цех басшысы:

Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одаққа кіруі арқасында біз қамтитын нарық кеңейетін болады. Бұл тұрғыда өнімдеріміз елімізден бөлек, Ресей және Беларусь нарығында да жоғары сұранысқа ие болу үшін еңбектенетін боламыз.

Зауыт жылына 10 мың тоннадан астам өнім шығаруға қауқарлы. 50-ге жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Сапалы өнім өндіріп, нарықтың жаңа талаптарын орындауға бейімделген. Енді, Еуразиялық одақ аясында Ресей, Беларусь елдерімен байланысты  жандандырып, тұтынушы  көбейсе, кәсіпорын қуаттылығын арттырып, жұмыс күшін еселемек.

 

Ержан ЖАҚЫП

 

Хабарламаларға жазылу