Көккөлдің құпиясына туристер қатты қызығуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көккөлдің құпиясына туристер қатты қызығуда

19.07.2019

Жамбыл облысы Меркі ауданында орналасқан туристік аймаққа келушілер жылдан-жылға артуда. Әсіресе, биік таудағы құпияға толы Көккөл көлін көргісі келетіндердің қатары қалың. Жергілікті тұрғындар арасында «Әулиекөл» атанған ерекше көл жайлы түрлі аңыз бар. Бірі мұнда айдаһар бар десе, кейбірі ақырған бураны көрген деген аңыздарды айтады. Әлі толық зерттелмей, сырын ішіне бүккен көл жайында өңірдегі тілшіміз Сәбит Әдебайдың репортажы.

Таудың ұшар басындағы киелі көл Ақтоған ауылынан 100 шақырым жерде. Құлама жартасты өткелдері бар, жолы қауіпті сапарға арнайы экспедиция ұйымдастырылды. Жергілікті азаматтар мен табиғат жанашырларынан құралған топ Алатаудың бес саласын асып, Қарақыстақ жайлауына бет алды.

Сәбит Әлдебай, тілші:

Біздің түсірілім тобымыз теңіз деңгейінен 3000 метр биіктікке көтерілді. Тау қойнауындағы құпияға толы мына Көккөл көліне де келіп жеттік. Байқасаңыздар, сыртқы пішіні жүрекке ұқсайтын бұл көлге ешқандай ағын келіп құймайды. Және ешқандай су ағып кетпейді. Бірақ судың деңгейі қысы-жазы бір қалыпта.

Түбі жоқ түпсіз көлге кеңестік кезеңде түрлі экспедицялар ұйымдастырылып, ғалымдардың зерттеу нысанына айналғанымен, нәтиже шықпаған. Осы күнге дейін көлдің тереңдігі анықталмапты.

Серік Құралбаев, өлкетанушы:

Екі сүңгуір азаматты алып келді дейді. Сосын біреуі сүңгіп, мына көлге түскен дейді. Олар түсіп, қайта шыққаннан кейін мұның түбі жоқ екенін айтқан.

Көлдің тағы бір физикалық қасиеті айдында бір қоқым, жапырақ жатпайды. Су бетіндегі ультродірілден суға түскен кез келген зат сыртқа шығып кетеді.

Сәбит Әлдебай, тілші:

Қазір мамандардың көмегімен көлдің үстінен көрініс түсіруге ұмтылып жатырмыз.

Еркін Жасыбаев, оператор:

Көлден 200 метр ары барғанымызда дрон қосылды. Аспанға ұшты, мына жақта таудың бәрін түсіреді. Көлге қарай объективті бұрған кезде ешқандай кадр жоқ. Білмеймін не болғанын.

Жергілікті тұрғындар жолсыз елді мекенге шетел азаматтары жиі келетінін айтады. Көлдің тылсым қасиетін зерттеуге қызығатындар көбейгенін біз де байқадық.

Мейірхан Өмірбеков, Меркі ауданының әкімі:

Осыған байланысты екі жолды зерделеп жатырмыз. Жол екі есеге қысқарады деп ойлаймыз.

Сандық жайлауындағы сақ дәуірінің молалары мен саф алтындай сақталған құнды жәдігерлер жетерлік. Мамандар қаз қалпында сақталған дүниелер тоналмай тұрып, аймақты туристік нысанға айналдырса, ел дамуына серпін береріне сенімді.

Сәбит ӘЛДЕБАЙ

Хабарламаларға жазылу