Алматыда заңсыз ойынханалардың жұмысы тоқтатылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда заңсыз ойынханалардың жұмысы тоқтатылды

18.07.2019

Алматыда заңсыз ойынхана ашқандар ұсталып, айыппұл салынды. Ал, құмар ойындарға бәс тіккендерге әкімшілік жауапкершілік ретінде ескерту берілді. Мәселен, кейінгі алты айда заңсыз ойын кәсібін ұйымдастырғаны үшін 21 қылмыстық іс қозғалған. Солардың 15-і сотқа жолданған. Қазір қалалық Экономикалық тергеу департаментінің мамандары маусым айынан бері заңсыз ойынханаларды тоқтатуға белсене кіріскен.

Нұрлан Асқарұлы, тілші:

Ойын ойнаушының да сайда саны, құмда ізі жоқ. Дегенмен, біз бүгін Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің мамандарымен рейдке шықтық. Қазір біз көреміз, не болып жатқанын дүкенде.

Мына ойын автоматында ойнап жатқаныңызға қанша болды?

Біраз болды.

Қанша ақша ұтылдыңыз?

10 мың.

Бұл ойын автоматтары заңсыз екенін білесіз ба?

Жоқ.

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ойын автоматтарын ұйымдастырушыларға және құмар ойындарға қатысқан азаматтарға қатысты әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Бүгін сізге ескерту жасаймыз. Бұндай заңсыз ойын ғимараттарында ойнағаныңыз үшін Әкімшілік кодекстің 444-бабы, яғни құмар ойынға қатысу бабы мен әкімшілік жауапкершілікке тартылуыңыз мүмкін. Егер тартылған жағдайда, ол 200 айлық есептік көрсеткіш айыппұл немесе 500 мың теңгеден айыппұл тағайындалуы мүмкін.

Қала тұрғыны құмар ойынға беріліп, несие алып, қарызға белшесінен батқан. Оның берешегін туысқандары жауып берген. Ағайын-туғандарынан ұялғандықтан, есім-сойын атамады. «Енді қазір ойынхананың маңына жоламаймын, - дейді ол.

Қала тұрғыны:

Магазинде тұрғаннан кейін барлығы келісілген шығар деп, заңды шығар деп ойладық. Айыппұлдың бағасы бес жүз мың теңге дейді. Ондай ақша қайда.

Жақсылық Мырзахан, Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің ресми өкілі:

Ол азаматтарға ойын ойнағаны үшін де әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Ал ойынханаларды ұйымдастырушыға қатысты қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Ол Қылмыстық кодекстің 307-бабы, заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырылу деп аталады. Бұл бап бойынша ең жоғарғы, яғни жауапкершілік 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру шарасы қарастырылған.

Алматыда кейінгі екі жылда заңсыз ойын кәсібін жүргізген 4 ұйымдасқан қылмыстық топ анықталған. 88 адам сотталып, олардың үшеуі ғимаратты жалға бергендігі үшін заң алдында жауап берді. Осының нәтижесінде көлеңкелі айналымнан 24,5 млн теңге мен 700 ойын автомат тәркіленді.

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу