Елордада Түркия елшілігі үш жыл бұрын төңкерісте құрбан болғандарды еске алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада Түркия елшілігі үш жыл бұрын төңкерісте құрбан болғандарды еске алды

15.07.2019

Бүгін Түркия елінде демократия және ұлттық бірлік күні. Осы орайда, Қазақстандағы Түркия елшілігі де үнсіз қалмай, 3 жыл бұрын төңкерісте құрбан болғандарды еске алды. Арнайы фильм көрсетті, көрме ұйымдастырды.

Көрмеде дәл 3 жыл бұрын Түркияда болған төңкеріс түніндегі фотосуреттер қойылған. Арнайы сөз сөйлеген Қазақстандағы Түркияның Төтенше және Өкілетті Елшісі Невзат Уянык  2016 жылғы 15 шілдесі Түркия тарихындағы ең қараңғы түндердің бірі екенін, сатқындық әрекетке қарсы шығып, шейіт болған қаһарман азаматтардың батырлығын және ФЕТӨ лаңкестік ұйымының опасыз төңкерісінен кейін Түркия жұртшылығын алғаш болып дос және бауырлас ел - Қазақстанның және оның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев келіп қолдағанын ешқашан ұмытпайтынын айтты. Айта кетейік, сол түні 251 адам мерт болып, 2195-і ауыр жарақат алған болатын.

Невзат Уянык, Қазақстандағы Түркияның Төтенше және Өкілетті елшісі:

15 шілде - демократия күресін қолдаған барлық азаматтарымыздың, құқықтық мемлекеттің, құқық пен бостандықтың жеңіс күні болды. Түрік ұлты демократияға деген сенімінің арқасында, өз тағдырын тек қана өзі шешетінін, халықтың тағдырын ойрандатқысы келетіндерге әсте көз жұма алмайтынын осы күні тағы да дүйім әлемге әйгіледі. Еліміз дәл осы ерік-жігермен елде және шетелде ФЕТӨ-мен күресін бәсеңсітпей жалғастыра береді.

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ

Хабарламаларға жазылу