Маңғыстаулықтар Елорда күнін атап өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстаулықтар Елорда күнін атап өтті

06.07.2019

Маңғыстаулықтар да Елорда күнін атап өтті. Ақтауда салтанатты жиын өтіп,  өңір өнерпаздары қала тұрғындарына мерекелік көңіл күй сыйлады. Ал Мұнайлы ауданында спорт кешені ел игілігіне берілді. Инвесторлардың көмегімен салынған ғимаратта олимпиадалық спорт түрлерін дамытуға бар жағдай жасалған.

 

Спорт кешені «Бесшоқы» ауылында. 160 мыңнан астам халқы бар Мұнайлы ауданындағы бұл алғашқы спорт ғимараты. Мұнда спорттың 12 түріне арналған зал бар. Бәрі де заман талабына сай жабдықталған. 3 гектар аумақта волейбол, баскетбол, футбол ойнауға болады. Ұлттық ойындар мен жеңіл атлетикаға арналған алаңдар тағы бар.

 

Өтеген Сәбитаев, Денешынықтыру-сауықтыру кешеннің директоры:

 

Бұрын соңды болмаған спорт кешені салынып, осы ауылдың тұрғындары, балалар, өзіміз де қуаныштымыз. Бұл спорт кешеннің мақсаты олимпиадаға мақсат қоямыз. Олимпиадалық жүлдегерлерді шығару, мынаның ішінде мүмкіндік бар сол олимпиада чемпиондарын шығаруымызға.

 

Спорттық нысан ауыл тұрғындарына арналған. Сондықтан балалар мен жасөспірімдер, мүмкіндігі шектеулі жандар емін-еркін келіп дене шынықтыра алады. Кешен таңнан кешке дейін жұмыс істейді.

 

Гүлзат Қадырхан, спортшы:

 

Біз осы уақытқа дейін мектептің шағын спорт залында дайындалдық. Бірақ оған қарамастан біздің жеңістерміз өте көп. Аудандық, республикалық жетістіктеріміз бар. Осындай үлкен спорт залдың ашылғанына біз қуаныштымыз. Осы жерде көп уақыт дайындалып одан да биік белестерге жетеміз деп ойлаймыз. 

 

Елорда күніне арналған басты шара Ақтау қаласындағы мәдениет үйінде өтті.

 

Ляйла Жалғасбаева, қала тұрғыны:

 

Халқымыз көңілді, шатты осындай мерекелі күндеріміз көп болсын. Астанамыз дами берсін. Маңғыстаудың халқының жалпы Қазақстанда тұратын барлық халықтың мерекесі бұл.

 

Талғат Төребаев, Жағалау күзеті өңірлік басқармасы басшысының орынбасары:

 

Қазақстандықтарды шын жүректен құттықтаймын. Біздің ел дамып келе жатыр. Мен шекарашы болғаннан кейін біздің Қазақстанға тыныштық тілеймін. Шекараны бұзушылар болмасын.

 

«Еңселі-Елорда» мерекелік бағдарламасында өлке өнерпаздары өнер көрсетті. Аталы сөзден айнымаған жас ақындар жырдан шашу шашып, көпшіліктің рухын бір көтеріп тастады.  

 

Аягөз ОРАЛБАЙҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу