Мемлекет басшысы «Жекпе-жек» сарайының ашылу салтанатына қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы «Жекпе-жек» сарайының ашылу салтанатына қатысты

06.07.2019
Мемлекет басшысы «Жекпе-жек» сарайының ашылу салтанатына қатысты

Елордада Президенттің қатысуымен жауынгерлік өнер қауымдастықтарының гала-фестивалі өтті. Мұндай дода елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Әрі бой көтерген «Жекпе-жек» сарайы бүгін ресми іске қосылды. Зәулім сарайда спорттың 20 түрі бойынша жаттығулар жүргізіледі. Сондай-ақ келешекте әлем чемпионаттары мен жекпе-жек кездесулер өткізу жоспарланып отыр.

32 мың шаршы метр аумақты алып жатқан жаңа кешен Елбасының бастамасымен салынған еді. Жоғарыдан ғимараттың үшбұрыш пішіні қалқып жүрген бүркітті еске салады. Болашақта бұл жерден спорт қырандары түлеп ұшатынына күмән жоқ.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа ғимаратта алғаш ұйымдастырылған шараның куәсі болды. Жауынгерлік өнер қауымдастықтарының фестивалі биыл мамырда Шымкентте басталып, нүктесі бас қалада қойылды. Оған еліміздің әр аймағынан екі мың спортшы қатысты. Фестиваль арқасында әр өңірде спорттың жекпе-жек түрлеріне сұраныс көбейген екен. Ал Елорда төріндегі зәулім сарай жастардың қызығушылығын одан әрі арттырып отыр.

Азамат Қамбай, жас спортшы:

Күреске 3 жыл қатысқанмын. Күрес ұнайды. Өйткені мен мықты болып жүремін, жаттыға аламын. Ол жақта орын аз. Адамдар толы. Ал мында өте үлкен жер.

Сарайда карате, таеквондо, ЭмЭмЭй, джиу-джитсу сынды жалпы 20 спорт  түрінен үйірмелер ашылған, бассейн бар. Сондай-ақ жекпе-жектерге арналған татамилер төселген.

Мәдина Нұрбаева, жас спортшы:

- Ауырмай ма? Қандай спорт түрі? – Самбо. – Неліктен самбо? – Самбо маған ұнайды. Мен Олимпиада чемпионы болғым келеді. Мақсатым сол.

 «Жекпе-жек» сарайында барлық спорт федерациялары жаттыға алады. Спорт және дене шынықтыру істері комитеті үйірмелердің құны қолжетімді болатынын жеткізді. Ал әлеуметтік әлжуаз санаттағы отбасылардың балаларына жеңілдіктер болады.

Раухан Тұғымбаева, Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің баспасөз хатшысы:

Көпбалалы отбасылар, тұрмысы төмен отбасылардың балаларына тегін, немесе қандай да бір пайыздық жеңілдікпен спортпен шұғылдануға мүмкіндіктерді қарастырып жатырмыз. 

Кеште көрермендерге Жауынгерлік өнер қауымдастығының құрамына кіретін жекпе-жек спортының 21 түрі көрсетілді.

Альбина Әшім, тілші:

Енді бұл сарайда жекпе-жектің түр-түрі бойынша ірі халықаралық жарыстар ұйымдастырылады. Мәселен, биыл желтоқсан айында киокушинкайдан, ал келер жылы муайтай мен самбодан әлем чемпионаттарын өткізу жоспарланып отыр. Айта кетейін, жарыстарды бір мезетте бес мыңға дейін көрермен тамашалай алады.

Ал бүгінгі жекпе-жекте жанкүйер болған Президент шара аяқталысымен, жас спортшылармен жүздесті. Жылы лебіздерден соң кездесу дәстүрлі суретке түсумен аяқталды.

Альбина ӘШІМ

Хабарламаларға жазылу