Арыстағы жарылыс кезінде жарақат алған 7 жасар баланың жағдайы ауыр. Дегенмен, ақ халаттылар қажетті заманауи құралдардың арқасында Аян Шәріпбаев тез оңалып кетеді деп үміттеніп отыр. Осы апаттан зардап шеккендерге көрсетілген медициналық жәрдем бойынша бас дәрігер Елжан Біртанов журналистерге сұхбат берді. Оқиға болған сәттен бастап осы күнге дейін 410 адам дәрігерлерге жүгінген екен.
Олардың 82-сі стационарлық ауруханаларға жатқызылып, бүгіндері 63 адам емдерін алып шыққан. Қазір стационарлық бөлімде 19, ал жансақтау бөлімінде 3 адам жатыр. Солардың екеуі – бала. 11 жастағы жеткіншек есін жиып, бой түзеп келеді. Ал 7 жастағы баланың жағдайын бас дәрігер үнемі назарда ұстап отырғанын жеткізді.
Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
Көліктің астына түсіп, өкінішке орай, жағдайы өте қиын. Қажетті медицианлық ем көрсетіледі. Бірінші күні Шымкентте ота жасалған. Кейін жағдайы қиын болған соң, астанаға, Нұр-Сұлтан қаласына, ең жақсы балалар ауруханасына алдырдық. Бірінші күннен бері өз бақылауымда. Қажетті мамандардың бәрі күнделікті консилиум жасап, маған ақпарат беріп отыр.
Альбина ӘШІМ