Арыста құрылыс жұмыстары басталып кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Арыста құрылыс жұмыстары басталып кетті

02.07.2019

Арыста құрылыс жұмыстары басталып кетті. Кей нысандардың жобалық-сметалық құны есептеліп жатыр. Мердігерлер анықталған. Кей үйлердің есік-терезесі ауыстырылған. Кей аудандарда қала қиранды қоқыстан тазартылып жатыр. Еліміздің әр аймағынан 140 құрылыс бригадасы жасақталып, Арысқа аттанған болатын. Олардың халі қалай екен?

 

Гүлжазира Ғалиқызы, тілші:

 

Аптап ыстық... Ол аздай жел құтырып, құм суырып тұр. Зақым келген ғимараттардың шытынаған шынылары ұшып, шатырлар жалбырып тұр. Құрылысшылар осындай экстрималды жағдайда жұмыс істеп жатыр. Мысалы, мына үйге Павлодар облысының әкімдігі жауапты.

 

 Сонау Ертістен Арысқа асарға келгендердің бірі —  Мерей. Күні-түні құрылыс басында. Шатырдың ішінде шаң жұтып, масаға таланып жатса да, жұмысты бәсеңдетпеді. Өйткені, осындай бес қабатты екі ғимараттан бөлек, 250 жер үйдің жөндеу жұмыстарына жауапты.  

 

Мерей Рымбеков, Учаске бастығы: 

 

5 қабатты үйлерде 130 адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Мына казармада жұмысшыларымыз жатыр. Бұдан бөлек, 250 жер үй бар. Оның да құрылысы басталып кетті. Осы үйлерді 1 айдың ішінде өткізуге үлгеріп жатырмыз.

 

90 және 60 пәтерлі екі үйдің де есік-терезесі түгел сынған. Шатыры ұшқан. Құрылысшылар қираған үйдің іші-сыртын сылауға кірісті. Күн құрғатпай құрылыс материалдары да келіп қалады.

 

Бауыржан Ақабаев, құрылыс басшысы:

 

54 куб ағаш материалдары келіп түсті. Сорт-сортымен. Түр-түрімен барлықтары. Екі шатыр, жалпы, біреуінің көлемі 1080 квадрат, екіншінікі 790 квадрат.

 

Арыстағы ахуалды ретке келтіру үшін қала 17 секторға бөлінген. Әр секторға бір-бір облыс, сондай-ақ, аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары жауапты. Өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев құрылыс барысын 1 бойы қатаң қадағалаймын деді. Істі үйлестіре алмай, үдеден шықпаған аудан әкімдерін жұмыстан босататынын айтты. Ал жауапты облыстар мен қалалар салғырттық танытса, Үкімет басшысына баяндаймақ. 

 

Ертең Қызылорда мен Жамбыл облыстарынан 100 адам асарға келмек. Десе де, жермен жексен болған 21- үйді бастан- аяқ қайта тұрғызып, қираған 104 көпқабатты, 7 200-ге жуық жер үйді, 14 мектеп, 2 аурухананы, 28 балабақшаны мен бірнеше әкімшілік ғимараттарды 1 ай ішінде жөндеп бітіру — оңай емес. Көп күш қажет. Әсіресе, адам қолы жетіспей жатыр. Сондықтан, облыс әкімдігі әлі де жастар мен еріктілерден жәрдем күтеді.

 

Гүлжазира ҒАЛИҚЫЗЫ

 

 

 

 

 

 

Хабарламаларға жазылу