Жетісуда Ұлы даланың мәңгілік мирасы – Манас атты қазақ-қырғыз зиялыларының форумы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жетісуда Ұлы даланың мәңгілік мирасы – Манас атты қазақ-қырғыз зиялыларының форумы өтті

02.07.2019

Халықаралық Түркі Академиясы қолға алған шараға екі елдің ақын-жазушылары, Манастанушы ғалымдары мен Манасшылары қатысты. Әйгілі эпостың күллі түркі жұртын біріктіретін тарихи туынды екені айтылып, және Манастың әлемге танылуына үлес қосқан Шоқан Уәлиханов пен Мұхтар Әуезовтың есімдері ерекше аталды

Талдықорғанда бас қосқан екі ел зиялылары Манас эпосы кітабының тұсауын кесті. Рухани жаңғыру жобалық кеңсесінде симпозиумға қатысып, бауырлас елдердің әдебиет пен өнердегі ортақ мәселелерін әңгіме етті. Екінші күні Манасты қағаз бетіне түсіріп, әлемге танылуына ықпал еткен зерттеуші Шоқан Уәлихановтың мәңгілік тыныстап жатқан жеріне барып, музейін аралап, құран бағыштады.

Күреңбелдің төрінде зиялылар форумы Манас фестиваліне ұласты. Айырқалпақты ағайын да, қазақтар да кезек-кезегімен эпосты жатқа айтып, өнерін паш етті. Басқосуда алғаш рет түркі әлемінің манасшылары атты сертификаттары табысталды.

Дархан Қыдырәлі, Халықаралық түркі академиясының президенті:

Мұндай шаралар жалғаса береді. Жалпы түркі халықтарының жырлары айтылады бұдан кейін. Сондықтан осы шара арқылы бауырлас қазақ-қырғыз халықтары арасында дәнекерлік жалғасады деген үміттеміз.

Көрші елдің зиялылары да қазақ-қырғыз достығы ұрпақтар сабақтастығына ұласады деген сенімде.

Сулайман Каюпов, Тарих ғылымдарының докторы, профессор/ Қырғызстан:

Қазақ-қырғыз жастары дүниеге даңқы шыққан Мұхтар Әуезовтей, Шыңғыс Айтматовтай үлкен адамдар бола берсін. Тыныштық болсын!

Қазақ күресін тамашалап, аударыспақ ойындарына тәнті болған қонақтар келесі зиялылар форумы Ыстықкөл жағасында өткізуге уағдаласты.

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу