Бішкекте Шоқан Уәлихановтың 180 жылдығына арналған халықаралық ғылыми конференция өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бішкекте Шоқан Уәлихановтың 180 жылдығына арналған халықаралық ғылыми конференция өтті

15.11.2015
Бішкекте Шоқан Уәлихановтың 180 жылдығына арналған халықаралық ғылыми конференция өтті

Конференцияда Шоқанның «Шоқан асқан асулар» мен «Манас» дастанын биік шыңға көтергені сөз болды.


Қырғыздың «Манас» жыры тұтас бір халықтың төлқұжатына айналған туынды. Сол Алатаудай алып жыр «Манасты» тұңғыш зерттеуші, әлемге таныстырушының бірі - қазақтың дана перзенті Шоқан Уәлиханов.

Ол бар-жоғы жиырма жасында ұлы жырды жазып алып, парасатты баға беріп, Еуропаға таныстырды. Ал, кеңестік кезеңде «Манас» жырына әр түрлі айып тағылғанда, қазақтың тағы бір кемеңгер ұлы Мұхтар Әуезов ұлы жырды арашалап қалды.

Турасын айтсақ, Ер Манастың ұрпақтары қазақтың екі данышпанына қарыздар. Мұны Айтматов та мойындаған. Күні кеше Бішкекте Шоқан Уәлихановқа арналған алқалы жиын өтті. Қырғыз ағайындар дана Шоқанға қандай құрмет көрсетті.

Мирас Мұқаш, тілші:

Жасы отызға жетпей-ақ, көпті мойындатқан Шоқан әйгілі Қашқария сапарының алдында осы қырғыз топырағына келіп бір-ақ жылдың ішінде бірнеше құнды дүниелер жазды. Манасқа мән берді. Қазақ-қырғыз сәулет өнерінің ұқсастығы жөнінде көп айтты. Табиғаты мен мінезі де ұқсас ағайын ұлы Шоқанның тойын өз ұлдарының тойындай атап өтті.

Шоқанның 180 жылдығына арналған халықаралық ғылыми конференцияда «Шоқан асқан асулар» мен Шоқанның «Манас» дастанын биік шыңға көтергені сөз болды. Қырғыз тарихшылары, ғалымдары «Уәлиханов қазақтың ғана емес, қырғыздың да қастерлі перзенті», дейді.

Құсейін Исаев, тарихшы:

Шоқан қырғызша шала білген. Өзі қазақ, татар, орыс тілін білген. Қырғыз тілін осында келіп үйренген. Қырғызша жазып, қазақша аударып, орысша шығарған. Француз тілінде бірінші болып Шоқан Уәлихановтың еңбегімен еуропалықтарға тараған.

Шоқан қырғыз елінде 1856-1857 жылдар аралығында болып, «Қырғыздар жайындағы жазбалар», «Ыстықкөл сапарының күнделігі» сияқты еңбектер жазды. Мына суреттерді де сол кезеңде өз қолымен салған. Бір жылдың ішінде терең зерттеу, тыңғылықты талдау жасады. Жиырма бір жасында жасы 76-ға келген қырғыздың беделді биі Боранбаймен танысады.

Жанқороз Қаныбеков, профессор:

Сол 76 жастағы би мұның жастығына қарамай өте жақын болған. Ішкі сырлары, ішкі дүниесі қазақ-қырғыз келешегін ойлап, ең жақын адам болып кеткен. Шоқан Уәлиханов оны қария досым деген ғой.

Боранбай бидің үйінде жатып Шоқан Назар деген манасшыны кезіктіреді. Сол кісінің аузынан «Манас» дастанын жазып алып, туындыға «Қырғыз тарихының энциклопедиясы» деген баға береді.

Сол себепті, осы шараның Бішкек төрінде өтіп жатуының өз заңдылығы бар. Ал Боранбай би мен Шоқан байланысы қазақ-қырғыз қаламгерлерінің қарым-қатынасына жаңа соқпақ салып, жол ашады.

Әділ Ахметов, филология ғылымдарының докторы:

Біздің екі елдің байланысы ежелден тамырлас. Терең. Мәселен, Тоқтағұл мен Жамбыл, Кенен қарым-қатынасы. Айтматов пен Әуезовтің шығармашылық байланысы осыған дәлел. Ал, Шоқан мен Боранбай би қазақ-қырғыз арасындағы алтын діңкек деп айтсақ болады.

Бұл шараның өтуіне Түркі академиясы ұйытқы болған. Боранбай би атындағы қор да атсалысты. Екі ел арасындағы жылы байланыс, шығармашылық одақ осылайша жарасым тапты.

Дархан Қыдырәлі, Түркі академиясы халықаралық ұйымының президенті:

Боранбай бидің 235 жылдығы мен бүкіл дүниежүзіне танылған Түркі әлемінің ортақ мақтанышы болып саналатын Шоқанның 180 жылдығының бірге өтіп жатуы да осы екі бауырлас елдің достығына, солардың сабақтастығына арналып отыр деп есептейміз.

Құсейін Исаев, тарихшы:
«Манас» - терең мұхит. Қырғыз елінің ұлы тарихы. Біз осындай мәміле қылуымыз керек. Қазақ туғандардың келіп, осы істі бастағаны үшін алғыс айтамыз.

Ғылыми конференция Бішкек өнерпаздарының концертіне ұласты. Ең бастысы, келесі жылы Ыстық көлдің жағасында ұлттың ұлы перзенттерінің бірі Шоқан Уәлихановқа ескерткіш орнатылмақ. Отызға жетпей ойшыл атанған Шоқанға шын құрмет осындай болуы тиіс те.

Мирас МҰҚАШ

Хабарламаларға жазылу