Президент ұсынған 10 даму бағытының аясында Ақмола облысында 3 мың жұмыс орны ашылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент ұсынған 10 даму бағытының аясында Ақмола облысында 3 мың жұмыс орны ашылады

21.06.2019

Ақмола облысында жыл соңына дейін жаңадан 3 мың жұмыс орны ашылмақ. Бұл туралы облыс активінің отырысында айтылды. Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған 10 басым бағытты жүзеге асыру шаралары талқыланды. Аймақта осы уақытқа дейін атқарылған және алдағы уақытта жоспарланған жұмыстар сөз болды.

 

Фархад Тілегенов Көкшетаудағы ірі зауыттардың бірінде еңбек жолын енді ғана бастап жатыр. Ол қап шығаратын "Асыл Арман" кәсіпорнының тігіншісі. Жұмысқа тұру үшін арнайы оқу курсынан да өтіпті.

 

Фархад Тілегенов, тігінші:

 

Мен жақында ғана жұмысқа орналастым. Қаптарды шығарамыз. Жұмысым өзіме ұнайды. Құрылғылар жаңа. Барлығы автоматтандырылған. Жалақысы да көңілімнен шықты. 1 ай оқыдық. Ұжым жақсы.

 

Кәсіпорында Фархад сияқты жастар көп. Олардың көпшілігі жұмысқа жақында ғана орналасқандар. Себебі, зауыт өндірісті ұлғайту мақсатында жаңа цехты іске қосқан. 

 

Ғалия Калишева, ауысым бастығы:

 

Осы цехта бізде 80 адам жұмыс істейді. Әлі де жмыс орындары бар. Айына 2 жарым миллион қап шығарамыз.

 

Ақмола облысында биыл 3 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Жыл соңына дейін тағы осынша адамға «екі қолға бір күрек» табылады. Жұмыссыздық деңгейі - 4,8 пайыз. 

 

Ермек Маржықпаев, Ақмола облысының әкімі:

 

Жаңа жұмыс орындарын ашу үшін кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасау қолға алынған. Облыста индустрияландыру картасы бойынша 180 миллиард теңгені құрайтын 16 жоба іске асып жатыр. Оның 5-еуі биыл қолданысқа беріліп, 434 тұрақты жұмыс орны ашылмақ. Картадан тыс 100 миллиард теңгеден астам сомманы құрайтын 118 жоба бар. Ол бойынша 2 мыңға жуық жұмыс орны пайда болмақ.  

 

Биыл аймақтағы орташа еңбекақы 13 пайызға ұлғайып, 124 мың теңгеге жетті.

5 жарым мың кәсіпорын қызметкерлерінің айлығын 15-40 пайызға өсірген. Жалақыны ұлғайту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасады. 

 

Ермек ЕЛБЕРГЕН

 

Хабарламаларға жазылу