Былтыр елімізде 138 миллиард теңге тиімсіз жұмсалған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Былтыр елімізде 138 миллиард теңге тиімсіз жұмсалған

20.06.2019

Былтыр елімізде 138 миллиард теңге тиімсіз жұмсалған. Бұл үшін 224 мемлекеттік қызметші жазасын алды. Бұл туралы Парламенттің бірлескен отырысында Есеп комитетінің төрағасы айтты. Алайда жауапкершілікке келгенде "айран ішкен құтылады, шелек жалаған тұтыладының" кебі боп тұр. Себебі жазаланғандардың басым көпшілігі қатардағы қызметкерлер. Тек 9 пайызы — басшылар. Бірлескен отырыста қаржылық мәселелерге қатысты лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін арттыру қажеттілігі айтылды.

 

Сенат пен Мәжіліс, Үкімет толық құрамымен бүгін Парламентке жиылды. Талқыға түскен басты мәселенің бірі — бюджеттің атқарылуы. Вице-премьер, әрі Қаржы министрі Әлихан Смайыловтың сөзінше, ел қазынасындағы қаражаттың жартысына жуығы әлеуметтік салаға жұмсалған. Бұл 4 триллион 300 миллиард теңге. Жалпы былтыр бюджетке 8 триллион 800 миллиард теңге түскен. Үкімет қаржының елеулі бөлігін әлеуметтік маңызды нысандардың құрылысына жұмсап отырғандығын айтады.

 

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары,

Қаржы министрі:

 

2018 жылы балабақшалардың саны 10 314 құрады немесе 2017 жылмен салыстырғанда 551-ге көбейді. Ол 3-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі біліммен 95,2 пайыз  деңгейінде қамтуға мүмкіндік берді. 62 мектеп пайдалануға берілді.

 

Алайда осы құрылыстар барысында триллиондаған теңге артық жұмсалған. Есеп комитетінің төрағасы Годунованың сөзінше соңғы 3 жылда жоба құнын асыра сілтеудің салдарынан мемлекет 2 триллион теңгеге көп шығындалған.

 

Наталья Годунова, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы:

 

Жобалық сметалық құжатты әзірлеу кезінде біз үлкен резервті көріп отырмыз. Мәселен, мемлекеттік экспертиза мектеп жобасының құнын 413 миллион теңгеге артық көрсетілгендігін анықтаған. Бұл бір ғана мысал. Біздің ойымызша,  құрылыс  кезінде қолданылатын материалдардың сапасы нақты тізіліп жазылуы керек. Бұл жоба құнын қымбат көрсетуге кедергі болады.

 

Мемлекеттік және үкіметттік бағдарламалардың сапасыз орындалуы жылда қайталанатын үрдіске айналып барады. Сондықтан да депутаттар лауазымды басшылардың жауапкершілігін жоғарылату керек деп есептейді.

 

Қожахан Жабағиев, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:

 

Үкімет бюджеттік бағдарламаларды сапасыз орындағаны және көрсеткіштерге қол жеткізбегені үшін басшыларға қатысты қандай шараларды қабылдады?

 

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:

 

Жаңа өзгерістердің ішінде бірінші басшылардың жауапкершілігін күшейтуге бағытталған заң жобасы әзірленуде. Жоспарлап отырған өзгерістерге сәйкес тиісті заң жобасын жыл аяғында Парламентке енгіземіз.

 

Парламенттің бірлескен отырысында бұдан бөлек тоқсан тарау саладағы түйіткілді мәселелер көтерілді. Үкімет мүшелері жұмысты ширатып, нәтиже көрсетеміз деп уәделерін үйіп-төкті.

 

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ

 

Хабарламаларға жазылу