Маңғыстауда 200 адам небәрі 3 күнде кәсіп ашты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстауда 200 адам небәрі 3 күнде кәсіп ашты

18.06.2019

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  әлеуметтік салаға ерекше мән беріп отыр. Ол ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде бұқараның кәсіп ашуына, отандық өнімді өндіруге  мемлекеттен әркез қолдау болатынын айтты. Мәселен, Маңғыстауда 200-ден астам адам нәбәрі 3 күнде кәсіп ашты. Бұл «Бизнес 3 күнде» жобасының нәтижесі. Қайырымдылық акциясы осыдан 3 ай бұрын басталған еді. Бүгінде барлық аудан, ауылдарда қолдау тапты. Жобаның арқасында ерекше кәсіп түрлерін дөңгелеткен жандар да бар.

 

Туғаннан сал ауруына шалдыққан Наурызбек Съезд Жетібай ауылында алғашқы болып велосипед жөндейтін орын ашты. Жаңа қызмет аз уақытта көпшіліктің сұранысына ие. Көрші ауылдан жөндететіндер бар. Науқас азаматтың бала күнгі хоббиін кәсіпке айналдыруға «Бизнес 3 күнде» жобасы сеп болды. Оның аясында қайырымды жандар велосипед жөндеуге арналған құрал-сайман алып берген.  

Мейрамгүл Көшімова, Наурызбектің анасы:

«Бизнес бастауға» қатысып, грант ұтсам деп еді, сол кезде мен қолдамаған едім. Енді тамыздың соңына дейін грантқа қатысуға болады дейді. Соны алып жатсақ, жаңа велосипед шығарып сатқысы келеді. Ол өзінің алдына қойған мақсаты.

 

Ал, Нысанғали Әбдіраманов аяқ-киім шебері. 20 жылдан бергі кәсібі соңғы кезде тұралап қалған еді. Жоба аясында оған жан-жақты қолдау көрсетілді.

Нысанғали Әбдіраманов, кәсіпкер:

Мына «Бизнес 3 күнде» жобасы болмағанда, жабылып қалудың сәл алдында тұр едік. Не клиент жоқ, не қандай жоба жасау керегін білген жоқпыз, шыны керек. Мағлұмат, жоспар, қаржылай көмек берді. Мен қажетті материалдар сатып алдым. 

 

Шебер кісі бір айдың ішінде ортопедиялық аяқ-киім тігудің технологиясын ойлап тапты. Сол әдіспен Аружан есімді 13 жасар қызға аяқ-киім жасап берді.

 Гүлстан Махамбетова, Жаңаөзен қаласының тұрғыны:   

Аяғына өте жайлы, аяқ-киім кигенде аяғы жоқтығың білінбейді. Қазір енді құдайға шүкір, лагерьге барады, сабағына барып, ризамыз Нысанға.

 

Қазір Маңғыстауда «Бизнес 3 күнде» жобасы аясында 200 ден астам адам кәсібін дөңгелетіп отыр. Үйде отырып-ақ, табыс табуға ынталы жандарға әлі де қолдау бар. «Жақсылық жаса!» қайырымдылық акциясы ретінде басталған шара бүгінде жалпыхалықтық сипатқа ие. Сондықтан жобаны барлық өңірде жалғастыру жоспарда.  

 

Аягөз ОРАЛБАЙҚЫЗЫ

 

Хабарламаларға жазылу