Түркістан облысындағы мақта еккен диқандар үшін биылғы жыл аса ауыр болды. Онсыз да жылдағыдан 20-25 күн кешігіп егілген егісті енді зиянкестерден қорғау қиынға түсетін түрі бар. Өйткені, мақтаның жауы саналатын көсек құртының төрт буыны да дақыл гүлдеп, өнім байлайтын тұсында жетілгелі тұр. Оның үстіне, биыл қыс өте жылы болғандықтан өзге де зиянкес жәндіктер көбейген.
Биыл мақтаның финологиялық көрсеткіштері де өте төмен. Биіктігі әр жерде әр түрлі. Қазір небәрі 10-12 сантиметрге жетіп отыр. Бұл өнім кеш гүлдейді деген сөз. Оған себеп – егістіктің кеш егілуі. Мұндайда шаруалар үшін агротехникалық шараларды жандандыру қажет-ақ. Маманадар егіс алқаптарындағы жүйек аралық қопсыту жұмыстарын көбірек жүргізу қажеттігін айтып отыр. Бұл топырақтың ылғалын ұзағырақ сақтауға мүмкіндік береді.
Ал зиянкестерге қарсы күресте әзірге химиялық улы дәрі себуді тоқтата тұрып, олармен биологиялық тәсілмен күрескен жөн,-дейді олар. Бүгінгі таңда аймақта зиянкес құрт-құмырсқаларды теріп жейтін көбелектер өсіретін арнайы фабрика жұмыс істейді. Мұндай әдістің тиімді тұсы шығыны аз әрі мақтаның сабағының өсуіне және өніміне ешқандай кері әсер өтпейді.
Ибадулла Үмбетаев, Қазақ мақта ғылыми зерттеу тнститутының директоры:
Биологиялық тәсілмен мақта көсек жинағанша, гүлдегенше тоқтатпау керек. Ал енді өкінішке орай осы жұмыс осалдап тұр. Фермерлердің жұмысы тоқтап тұр. Биофабрикаларда биореагенттер бар. Бірақ оларды пайдаланып жатқан жоқ. Бұл жұмысты түзету керек.
Ғани ҚАЛМАХАНОВ