Отбасымен дәрігер - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Отбасымен дәрігер

14.06.2019

Алдағы жексенбіде әлемнің бірқатар елінде, оның ішінде Қазақстанда медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі атап өтіледі. Халқымыз - «бірінші байлық - денсаулық» деп тегін айтпаса керек. Дәрігерлер - денсаулық дәнекері. Мамандығын мақтаныш тұтып, әрі ақ халатты алғыс арқалаған дәрігер отбасымен тілшіміз кездесіп қайтты.

 

Бір әулеттен үш дәрігер. Нейрохирург, терапевт, лор. Үшеуі де күнде ертемен жұмысына асығады. Хамитбек аға мен Майраш апайдың дәл осылай жұмысқа шыққанына биыл 46 жыл болыпты. Төрт жыл болды бұл қатарға қыздары Әсем де қосылды.Үлкен қаланың қарапайым тұрғындары, медицина саласының білікті мамандары.

 

 

Ерлі-зайыпты дәрігерлер Елордадағы онкология орталығында жұмыс істейді. Хамитбек Махмұтов нейрохирургия бойынша науқастарды емдейді.  Талай рет басқа күрделі операция жасаған. Ал Майраш апай -  терапевт. Қатерлі дертке шалдыққандарды қабылдап,  ары қарайғы еміне бағыт береді. Отағасының қасында болғаны осындай кездерде көмегі тиеді. 

 

Хамитбек Махмұтов, нейрохирург, медицина ғылымдарының кандидаты:

 

Пайдасы өте зор. Өйткені маған ауру келеді терапевтический белгілермен. Сол кезде мен Майраштан сұраймын. Ал Майраш неврология белгілерімен келетін болса ол менен сұрайды. Бір-бірімізді толықтырып отырамыз. Дәрігердің сырт пішіні сенімділік туғызатындай болу керек. Жастар көбіне аурулармен сөйлеспейді мына компьютермен қарайды жібере салады. Негізі дәрігермен сөйлесу керек. Клавишті баса білу керек.  

 

Әке жолын төрт баланың ішіндегі кенжесі - Әсем жалғапты. Ол қаладағы №1 ересектер ауруханасында жұмыс істейді. Көзін ашқаннан өмірі медицинамен   байланысқан бойжеткен, мамандық таңдауға келгенде де дәрігерлікті қалапты. 

 

Әсем Хамитбекқызы, оториноларинголог:

 

Мамандықты өзім таңдадым. Кішкентайымнан әке-шешемнің біреулерді емдеп жүргенін көріп өстім. Соған риза болып дәрігер болғым келді. Кейбір сұрақтар болғанда кеңес сұраймын. Ең бастысы әкем мен шешем айтады жауапкершілігің мол болсын. Ол басты қағида дәрігерлердің. Олар маған көп ақыл айтып тұрады.

 

Үш дәрігер. Үшеуі де  - үміт отын жағушы. Үшеуі де науқасынан айығуға үміт етіп, қабылдауға келген талай жанның деніне саулық сыйлаушылар. Ал, дені саудың жаны сау емес пе.  Бұдан асқан бақыт бар ма...

 

Сәуле АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ

 

Хабарламаларға жазылу