Қызылорда облысында сәби  өлімі азайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысында сәби  өлімі азайды

11.06.2019

«Бұл патронажды қызметтің нәтижесі»,- дейді дәрігерлер. Біріккен Ұлттар Ұйымы балалар қорының инновациялық  жобасы өңірде 3 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Қазір облыста 18 ресурстық орталық бар. Патронажды мейірбикелер арнайы курстардан өткен.

 

Жас ана Әсем үшін бала күтімі ерекше маңызды. Ол кішкентай сәбиінің дені сау, тамағы тоқ болғанын қалайды. Бұл орайда Әсемге патронажды мейірбикенің көп көмегі тиіп жатыр. Баланы қалай тамақтандыру керек, қандай тағамдар пайдалы, оны қалай әзірлеу керек, соның барлығын мейірбике   үйретеді.

 

Әсем Нақыпбек, қала тұрғыны:

 

Табиғи құнарлы тамақтар балаға қалай берілетінін үйретеді. Бізге ұнап жатыр. Қазір йогурт та болмайды, анау да болмайды дейді ғой. Қорқасың. Түсіндіріп беріп жатыр.

 

Патронажды мейірбике Ұлбосын жас аналарға тек медициналық көмек көрсетіп қана қоймай, пайдалы кеңес береді. Өзіне бекітілген аумақтағы әр отбасын жіті назарда ұстап, олардың денсаулығына үлкен жауапкершілікпен қарайды.  КБИ мөлтек ауданында 37 аумақ бар. Оған тиесілі 7 мейірбикенің  де жұмысы - осы.

 

Анар Әбілдаева, патронажды аға мейірбике:

 

Күнделікті бір аймақта 3 үй болуы мүмкін, 5 үй болуы мүмкін. Әр үйде 45-50 минут отырып, өзінің білімін, ақпаратын беріп, мысалы, жүкті әйелдерді ерте тіркеу, қауіптіліктің алдын алу, 1 жасқа дейінгі балалардың аурушаңдығын азайту, қажетті көмекті көрсетеді.

 

КБИ-де 11 800 тұрғын бар,соның 7898-і  5 жасқа дейінгі бала. Олардың өзі екі топқа бөлінеді. Дені сау бала және қауіп тобындағылар. Көрсетілетін көмек те соған сәйкес болады. Патронажды қызметтің нәтижесінде оң өзгеріс бар.

 

Мая Мырзанова, №6 емхана бас дәрігерінің орынбасары:

 

Біз қол жеткіздік бала өлімін азайтуға. Және балалардың қауіп-қатер факторын анықтадық үй жағдайында. Үнемі бақылауда. Жеке жоспар құрып, сонымен жұмыс жасаймыз. Шешуге тырысамыз мәселені.

 

Патронажды қызметкерлер баланың дамуын бағалайды, дұрыс тамақтандыру,  түрлі  аурулардың  қауіпті белгілерін  білу  және  ата-аналар мен бала арасында тығыз қарым-қатынастың болуына ықпал етеді.    Емханалардағы ресурстық орталықтарда ол үшін барлық жағдай жасалған.

 

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу