Павлодарда 14 мың көшет қурап қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодарда 14 мың көшет қурап қалды

10.06.2019

Жасыл желек қурап барады. Павлодарда қыруар қаржыға егілген 14 мың түп ағаш түгелдей солып қалды. «Бұлай жалғаса беретін болса, айналасы 4-5 жылдың ішінде Павлодарда күнге қалқан болатын көлеңке таппайсыз»,- дейді экологтар. Себебі, шаһар ішіндегі, тіпті айналасындағы ағаштар қурап жатыр. Жергілікті әкімшілік көгалдандыруға жыл сайын қаржы бөлгенімен, нәтиже шамалы. Мәселені аймақтағы меншікті тілшіміз зерделеп көрген болатын.  

Болат Аманбаев, тілші:

Дәл осы аумақта тұтас бір парк болуға тиіс еді. Бұл жерге тарамыстай таралып өсетін сүмбіл теректің 14 мың көшеті отырғызылған. Бірақ көріп отырсыздар шырт сынатын мына талдар шыбыртқы қылуға да жарамайды. Қурап қалған. 

Себебі суарылмаған. Еккен де кеткен. Оның үстіне бұл көшеттер мерзімінен кеш отырғызылыпты. Қаладағы жауапты мекеме көгалданыруға  қанша қаржы кеткенін айтып бере алмады.

Ержан Түсіпбеков, қалалық тұрғын үй коммуналдық бөлімінің сектор меңгерушісі:

Мердігердің айтуынша, көшеттер Алматыдан әкелінген екен. Солтүстіктің суығына шыдамай солып қалған. Оларды қазан айында екті. Енді қайта отырғызу керек.

Қызығы сол, Павлодарда қанша ағаш қалды, жылда қанша егіледі, қаншасы кесіледі? - деген есеп жүргізілмейді. Бұл жәйт жақында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі басқарма тарапынан бақылауға алынды, тексеру басталды. Ал жергілікті экологтар құрылыс қарқын алғаннан бері ағаш саны кеміп жатыр дейді.

Светлана Могилюк, эколог:    

Жағдай шынымен де қиын. Өсіп тұрған сап-сау ағаштарды кесіп тастағанын талай көрдік. Олардың орнына басқасын егу деген жоқ. Еккенімен өліп қалады. Саябақтардан сән кетті. Себебі күтпейді, жасыл желекті жүйелі түрде қалпына келтіріп отыру керек қой.

Ал мына қарағай көшеттері 9,5 гектар аумаққа былтыр егілді. Көктеуі жаман емес. 45 мың көшеттің 25 %-ы ғана шетінеді. Бірақ бұл жерде де жасыл желек жайқалып тұрады деген сенім аз.

Мейрам Апушев, Павлодар орман шаруашылығының басшысы:

Осы шілде, тамыз айларында ауа райы қолайсыз болып, жауын-шашын болмаса, оларды суару керек. Оларды суаруға бізде ешқандай қаражат қарастырылмаған. Және бір қауіп осы көшеттер ертең бір ауруға шалдығатын болса, оған да бізде ешқандай қаражат қарастырылмаған.

Дерекке қарағанда, бюджет қаржысынан бөлек, жеке кәсіпорындар да өз қаржыларына жылда ағаш егеді. Бірақ шаһар айналасында жайқалған ну орман жоқ.

Болат АМАНБАЕВ

Хабарламаларға жазылу