Каспийдің жағасы қара базарға айналды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Каспийдің жағасы қара базарға айналды

06.06.2019

Заңсыз сауда, антисанитарлық жағдай мен бейберекетсіздік адам танымастай өзгерген демалыс орнының сиқын қашырды. Тұрғындар жергілікті биліктен саудагерлерді басқа жерге көшіруді сұрайды. Алайда, әкімдік биыл жағалауда кәсібін дөңгелету үшін 20 кәсіпкерге рұқсат беріп қойған.

Ақтаулық Жанар Масугутова балаларының қауіпсіздігіне алаңдайды. Сондықтан теңіз жағасына күндіз келеді. Айтуынша, ерсілі-қарсылы жүрген техникалар балалардың өміріне қауіпті.

Жанар Масугутова, Ақтау қаласының тұрғыны:

- Мен кішкентай 3 баланың анасымын. Сондықтан осында келгенде аса сақ жүруіме тура келеді. Кешқұрым тіпті қорқынышты. Оған қоса, балалар «болмайды, қымбат» дегенді түсіне ме? Бәрін ұстап көргісі келеді.

Мәселе көпшілікке ортақ. Соңғы жылдары адам танымастай өзгеріп, сәні кірген жағалаудың қазіргі жағдайы тұрғындарды алаңдатады. Сондықтан олар әкімдіктен ойын-сауық, сауда-саттықты басқа жерге көшіруді сұрайды.

Нұрсейіт Айладыр, Ақтау қалалық кәсіпкерлік бөлімінің сектор меңгерушісі:

- 2017 жылы біз оларды басқа жерге көшіруді жоспарлағанбыз. Бірақ олар бас тартты. Осы уақытқа дейін заңсыз жұмыс істеп келді былай айтқанда. 20 кәсіпкердің жағдайы әртүрлі. Біреуі - көпбалалы, бірі аз қамтылған отбасы, бірінің баласы мүгедек, сондықтан жағдайларына байланысты рұқсатнама беріліп, жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Аягөз Оралбайқызы, тілші:

- Ақтауға келген қонақтар мен тұрғындардың жиі келетін жері бұл. Жағалау шамамен 1,5 шақырым. Сол аралықта жағалай орналасқан сауда нүктелерін санап шықтық, 30-дан асады. Ал әкімдік тек 20 кәсіпкерге рұқсат берілгенін, және олар 400 метр аумақтан шықпайтынын айтты. Демек, мұнда заңсыз сауда да қызып тұр.

Ақтау қалалық әкімдігі теңіз жағасын күтіп ұстауды басқа мекемеге тапсыруды жоспарлап отыр. «Сол кезде сауда-саттық мәселесі қайта қаралады», - дейді. Ал, оған дейін жағалаудағы қара базар жалғаса бермек.

Аягөз ОРАЛБАЙҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу