Елімізде сүт өндірісі қарқынды дамып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде сүт өндірісі қарқынды дамып келеді

08.07.2014
Елімізде сүт өндірісі қарқынды дамып келеді

Елімізде сүт өндірісі қарқынды дамып келеді.  Тіпті, қазір  ауылдағы шаруалар да сүтті өңдеп,  табыс табудың жолына көшкен.

Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданында жұмысын бастаған шағын сүт өңдеу цехы  қазір мектептер мен балабақшалар, қала берді ауруханалардың да сұранысын қанағаттандырып отыр.

300 мыңнан астам халқы бар Сарыағаш ауданында  сүт өнімдеріне деген сұраныс  күннен-күнге артып келеді.

Осыны ескерген «Сәкен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі  аудан орталығынан шағын цех ашып, сүт өнімдерінің түр-түрін шығарып отыр.

Биыл серіктестік жаңа қондырғылар алып, өнім түрлерін көбейтіпті.

Шағын кәсіпорын бизнесті дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламаның көмегімен келешекте өндіріс көлемін ұлғайтпақшы.

 Дана Борашева, кәсіпкер:

Еуразиялық экономикалық одақ аясында Ресейден заманауи технологияға сай  қондырғылар алдырмақшымыз. Сөйтіп,  цехтың жұмысын одан ары кеңейту жоспарда бар.   

Қазіргі таңда серіктестікке қарасты 130 бас малдан күніне 600 литрге дейін сүт алынады. Одан ешбір қоспасыз дайындалатын май,  қаймақ, ірімшік пен сүт өнімдері шығарылады.

Өнім құрамы күнделікті тексеріледі әрі әлеуметтік нысандарға  жіберіледі. Жергілікті билік кәсібін ашамын, дегендерге қолдау көрсетіп, түрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында жеңілдіктер жасап отырады. 

Мадияр Әшірбаев, Сарыағаш ауданы кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы:

2013 жылы «Үдемелі-индустриялды инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы аясында 5 жоба жүзеге асырылды. Оның бірі - құс фабрикасы.  Қазіргі таңда толық жұмыс істеп жатыр. Ал, 2014 жылы 4 жобаны іске асыру жоспарланып отыр.

Жалпы құны 645 миллион теңге болатын бұл жобалар  қазір кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.

 Мәселен, теміржол бойынан ашылған логистикалық орталық  жұрттың игілігіне берілсе, өзге ауылдарда да сан салалы кәсіпорындар салынды. 

Айнұр АҚБАЕВА

Хабарламаларға жазылу