Алматыда ескі құбырлар жаңаланып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда ескі құбырлар жаңаланып жатыр

30.05.2019

Алматыда құбырларды жаңалау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Биыл 15 шақырымға жуық су құбыры ауыстырылмақ. Бүгінде Ұлжан, Таугүл, Шаңырақ ықшам аудандарында құбырлар толығымен жаңартылған. Яғни, осы жылға жоспарланған жұмыстың шамамен жартысы аяқталыпты. «Қалған бөлігін жылыту маусымына дейін тапсыруды көздеп отырмыз», - дейді осыған жауапты «Алматы Су» мекемесінің өкілдері.

Ал биылғы жөндеу жұмыстары негізінен көпқабатты үйлердің ауласында жүргізілуде. Яғни, көлік жүрісіне кедергі келтірмейді. Мекеме қызметкерлері жұмыс барысында ауызсу өшірілмейтінін де жеткізді. Мамандардың айтуынша, құбыр ауыстыру - қаланы сапалы әрі үздіксіз ауызсумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Себебі қазір шойынның орнына пластик құбыр орнатылуда. Ал оның бір ерекшелігі - тез шірімейді. 50 жылға дейін жарамды болмақ.

Ақбота Жылысова, «Алматы Су» мемлекеттік кәсіпорнының қоғаммен байланыс жөніндегі маманы:

- Жұмыс жүргізу барысында тұтынушылар ауызсусыз қалмайды. Тек қосу кезінде су 1-2 сағатқа өшірілетін болады. Негізінен қала бойынша су құбырларының 60 пайызының тозығы жеткен.

Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу