Төрт ай бойына науқасқа дұрыс диагноз қоя алмай, өлімші халге жеткізіген шымкентік 16 медицина қызметкері жазаға тартылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Төрт ай бойына науқасқа дұрыс диагноз қоя алмай, өлімші халге жеткізіген шымкентік 16 медицина қызметкері жазаға тартылды

29.05.2019

Өз ісіне немқұрайлы қараған бұл азаматтардың ішінде шаһардағы жедел жәрдем стансасының 4, емхананың 5, аурухананың 5 қызметкері бар. Оларға сөгіс және қатаң сөгіс жарияланды. Ал учаскелік дәрігер мен науқасқа операция жасаған хирург жұмысынан кетті. Естеріңізге сала кетсек, ағзасы суықтап, бауыры ауырған Александра Песецкая алғашында үйіне бірнеше рет жәдел жәрдем шақырған. Одан нәтиже болмағасын, тұрғылықты мекен-жайы бойынша емханаға қаралады. Мұнда да дәрігерлер суық тиген деп, оған қарсы дәрі мен екпе салуды ұйғарады. Беті бері қарамаған науқас соңында ауруханаға барған. Соқыршегіне ота жасалады. Бірақ жағдайы күн санап ауырлай берген.  Әбден жүдеп, өлім аузына келгенде ғана Александра әлеуметтік желі арқылы жұрттан көмек сұраған.

Бұл ақпараттан құлақтанған Денсаулық сақтау басқармасының басшылығы дереу тексеру тобын жасақтап, мәселенінің мән жайын анықтады. Алматыдағы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми зерттеу институты, Ресей медицина университеті мамандарымен консилиум өткізіп, науқастың дерті анықталды. Ағзада неврологиялық ақау болған деген диагноз қойылды. Қазір Орынбаев атындағы клиникада тиісті ем қабылдап жатқан науқастың жағдайы біршама түзелген.

Айгүл Иманалина, Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы:

Диагностикалық және емдеу ісін білмегендіктен  ЖТД-ні айтатын болсақ, оның тәжірибесі аз. Институттан соң бірінші жыл жұмыс істеген. Дәрігер тәжірибесі жетіспеуінен  қателік жіберген. Хирург дәрігер консилиум ұйымдастыру, әдістемелік шараларды дер кезінде жүргізбегені үшін 2 қызметкер қызметінен босатылды.

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу