Олар мектеп бітіру кешінен бас тартып, жиналған қаржыны науқас жандарға, жетімдер мен тұрмысы төмен отбасыларға таратып жатыр. Игілікті істі облыстағы білім ордалары жалғап әкетті.
Оқушылар 6 жастағы Қаламқастың ауыр тағдырымен әлеуметтік желі арқылы танысқан. Ал, бүгін бетпе-бет кездесіп тұр. Анасының айтуынша, бүлдіршіннің беті құндақта жатқанда күйіп қалған. Содан бері 10 рет ота жасалды.
Рәзия Байболава, көп балалы ана:
- Біз осы отаға кетуге қиналып жүргенбіз. Қаржылай көмек берсе деп. Сөйтіп жүргенде осындай жас балалар ұйымдастырып, жас та болса бас болып, оң-солын танымаса да, қайырымдылық жасап, қасиетті Рамазан айында садақа беріп жатқанына мен қатты риза болдым.
Қайрымдылық шараны Мұнайлы ауданындағы 3 бірдей мектептің түлектері қолдады. Олар 5 балалы жалғызілікті анаға тұрмысқа қажетті жабдықтар мен азық-түлік апарды. Аз қамтылған тағы 3 отбасынының балаларына спорттық киімдер сыйлап, сауықтыру орталығы мен лагерьге жолдама алып берді.
Ал, Ақтау қаласындағы №11 мамандандырылған физика-математика мектебінің түлектері кешке жиылған қаржыны балалар үйіне аударды. Осылайша олар көпке үлгі көрсетті.
Дәурен Абулов, №11 мамандандырылған физика-математика мектебінің 11-сынып оқушысы:
- Жаңа өмірге қадам басар алдында жүрегіміздің жылуын қаламыздағы балалар үйіндегі бүлдіршіндерге сыйлағымыз келеді. Біздің сыйлығымыздан да үлкеніне лайықты. Қосымша қаражатымыз бар. Барлық бала бақытты болуға лайықты.
Асқар Сейдалиев, Маңғыстау облыстық Білім басқармасының басшысы:
- Қайырымдылық акциясын мектеп түлектері өздері ақылдасып, ешқандай мектеп әкімшілігі тарапынан, мұғалімдерден қысым болған жоқ. Өздерінің еркімен, ата-аналарымен ақылдасып жасап жатқан шаралары.
Түлектер бастаған «Нұрлы болашақ» қайырымдылық акциясын қазірдің өзінде 10 мектептің оқушылары қолдап, жалғастырмақ ниетте.
Аягөз ОРАЛБАЙҚЫЗЫ