Еуразиялық экономикалық одақтың халықаралық беделі артып келеді. Бұл туралы Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Тигран Саркисян мәлімдеді. Арменияның бұрынғы Премьер-Министрі Елорда студенттеріне дәріс оқып, Еуразиялық экономикалық одақтың 5 жылда атқарған жұмысын қорытындылады.
Тигран Саркисянның айтуынша, бүгінде Еуразиялық экономикалық одақпен институционалдық байланыс орнатуға 50-ден астам мемлекет пен халықаралық ұйым қызығушылық білдірген.
Бес елдің бес жыл ішінде қол жеткізген жетістігі аз емес. Ұйым елдері арасындағы тауар айналымы 2014-2015 жылдары бәсеңдеп қалса, былтыр 17 %-ға артқан. Ендігі мақсат – 2025 жылға қарай тауарлар мен қызметтердің толыққанды нарығын қалыптастырып, барлық бағыттағы байланысты нығайту. Ортақ қаржы нарығын да осы уақытта іске қосу жоспарланып отыр. Алғашқы жылдары кездескен түйткілдердің түйіні де біртіндеп шешіле бастаған.
Тигран Саркисян, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы:
Біз арнайы ақ кітап әзірлеп, оған кездесетін кедергілерді енгіздік. Осы ақ кітаптың негізінде жол карталарын дайындап жатырмыз. Елдеріміздің экономикасы одақ талаптарына бейімделуі үшін уақыт қажет. Кей салалар бәсекеге дайын болмағаны анықталды. Ал кей салалар техникалық регламентке сәйкес емес болып шықты. Басты жеңістеріміздің бірі – еңбек мигранттарының әлеуметтік мәселерін шешуіміз. Мәселен, енді Одаққа мүше елдердің азаматтары өз мемлекетінің дипломымен жұмысқа тұра алып, балаларын білім ордаларына орналастыра алады.
Альбина ӘШІМ