Сириядан елге оралған қандастарға жан-жақты көмек көрсетілуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сириядан елге оралған қандастарға жан-жақты көмек көрсетілуде

17.05.2019

Маңғыстау өңірінде олармен республикалық деңгейдегі теолог, дінтанушы және психолог мамандар жұмыс істеп жатыр. Естеріңізге сала кетсек, Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен, «Жусан»  гуманитарлық операциясы аясында жыл басында 47 адам елге қайтарылған еді. Ал, бір апта бұрын тағы 231 адам жеткізілді. 

Бұл жолы елге 24 ер азамат, 55 әйел мен 152 бала келді. Араларында жетім қалған 10 бүлдіршін бар. Ерлер мен 4 әйел уақытша қамау изоляторына қамалды. Ал, қалғандары бейімдеу орталығына орналастырылды. Кезінде радикалды дін өкілдерінің азғыруына сенген кара көздер мамандардың көмегімен қоғамға үйренісіп келеді. Солардың бірі – Оралдық Айжан. 25 жастағы келіншек екі баласымен аман-есен елге оралғанына қуанады.

Айжан:

Қазақстан сендерді алып кетейн деп жатыр, сіздің Президент уәде берді деп естігенде, ерекше қуандым. Рухтанып қалдым деуге болады. Елге қайтқаныма өте қуаныштымын!

Ата-ана, ағайын-туыстан бас тартып, жат елге кеткендер көп ұзамай өкінгендерін айтады. Қайтайын десе, содырлар құжаттарын алып қойған. Қашуды жоспарлағандарды өлім жазасы күтіп тұрды. Қысқасы, артық сөз айтуға қорқып, үреймен өмір сүрген. Қазір бейімдеу орталығында әйелдер мен балалардың әр күні жоспарға сай өтеді. Ол үшін білікті дінтанушылар мен психологтар жұмылдырылған. 

Кеңшілік Тышқанұлы, теолог:

Бұл адамдардың соғыс ошағына кетуінің бірден бір себебі – діни фактор. Сондықтан біз олардың көзқарастарын ортаға тастап, қосымша альтернативті көзқарастар ұсынып, оларға ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін түсіндіріп, саналарына саңылау ашып, ары қарай бұлар адам бола ала ма деп, қорытынды шығарамыз.

Мамандардың айтуынша, қаракөздерді радикалды көзқарастан қайтару ұзақ уақытты талап етеді. Сондықтан бұл азаматтар орталықтан шыққаннан соң да теологтардың және құзырлы органның бақылауында болады. 

Аягөз ОРАЛБАЙҚЫЗЫ

 

Хабарламаларға жазылу