Шығыс Қазақстандағы Саржал ауылында Ауған соғысының ардагерлеріне ескерткіш тақта ашылды. Кезінде осы бір шағын ғана ауылдан жат жердегі майданға бірден 10 жігіт аттанған екен. Олардың біреуі ерлікпен қаза тапса, қалғаны аман-есен туған елге оралған. Соғыс ардагерлерінің есімін жас ұрпақ жаттап өсіп, ерліктерін үлгі етсін деген мақсатпен қойылған мемориалда олардың әрқайсының аты жазылып, бейнесі тасқа қашалған.
Ескерткіш тақтаны ауыл мектебін 20 жыл бұрын бітірген түлектер өз қаржыларына орнатты. Жалпы, саржалдық жастар тәрбиелік мәні бар, көпке үлгі боларлық игі істер жасауды жылсайынғы дәстүрге айналдырған.
Өмірсерік Әбденов, Саржал ауылының тұрғыны:
Жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, Ауған соғысының ардагерлерін құрметтеу мақсатында іс-шара жасап жатырмыз. Саржал ауылының ұйымшылдық, береке-бірлігінің арқасында осындай дүниелер жылда атқарылып жатады.
Бекен Нұрғазыұлы, Ауған соғысының ардагері:
Ауған соғысы не үшін болғанын біле қойматын балалар да бар. Солар білсе, естісе, көрсе. Бұл балаларды, жастарды отансүйгіштікке, жақсылыққа тәрбиелейтін шара деп ойлаймын.
Ержан ЖАҚЫП