Алматы облысында мұқтаж жандар көптің көмегімен баспаналы болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында мұқтаж жандар көптің көмегімен баспаналы болды

02.05.2019

Алматы облысының Іле ауданында көпбалалы мен мүмкіндігі шектеулі жандар бар екі отбасыға үй берілді. Баспанаға мұқтаж тұрғындарға мұндай сыйды аудан әкімдігі мен жомарт кәсіпкерлер жасады. Қайырымды азаматтар аудандағы әлеуметтік жағдайы төмен адамдарға жақсылық жасауды жалғастырамыз деп отыр.

Бес баланың анасы Эльмира Кеңшілбаеваның қуанышында шек жоқ. Өйткені олар 14 жылдан бері армандап жүрген баспанаға қол жеткізді. Талай жыл пәтер жалдап, әркімнің есігін күзеткен отбасы жылы әрі кең үй сыйлаған азаматтарға шексіз алғысын айтты.

Эльмира Кеңшілбаева, Алматы облысының тұрғыны:

- Мүмкіндігі шектеулі балам бар. Күн көрісіміз анау айтқандай жақсы болмады. Пәтерден пәтерге көшіп жүрдік. Қазір баспанамыз бар. Үй жақсы.

 

Бұдан басқа, екі бөлмелі пәтердің кілті Дабысбаевтар отбасына табыс етілді. Олар 9 жылдан бері үй кезегін күтіп жүрген. Аудан орталығынан 120 шақырым қашықтықтағы Ақши ауылында тұратын жандар енді Алматының іргесіндегі Боралдай кентіне көшіп келді.

Адай Дабысбаев, Алматы облысының тұрғыны:

- Ауырған қызға емделу үшін аудан орталығы немесе осы Боралдай кенті сияқты үлкен ауруханасы бар жерлерден қызымыз үшін жазып, үй сұрағанбыз. Міне бүгін арманымыз орындалды. Қуаныштымыз. Көп-көп рахмет.

Мұқтаж жандарға қол ұшын созған кәсіпкер қайырымдылық жасау азаматтық парыз екенін айтады. «Жеке кәсіп ашып, табыс табуға мемлекет мүмкіндік бергендіктен, Елбасының бастамасын қолдау - бәріміздің міндетіміз», - дейді қайырымды жан. Сондықтан мұндай игі істі одан ары қарай жалғастырмақ ниеті бар.

Амангелді Атаев, жеке кәсіпкер:

- Іле ауданында біраз кәсіпкер бармыз. Қазір басқа жақта да үй салынып жатыр. Сөйтіп осылай көмек көрсетейік деп жатқан жайымыз бар.

Іле ауданында биыл баспанаға зәру жандар үшін 300 пәтерлі көпқабатты үйдің құрылысы басталмақ. Ал, қазір аудан көлемінде 11 санат бойынша 3056 адам үй кезегінде тұр.

Аманкелді СЕЙТХАН

Хабарламаларға жазылу