Түркістанда ұзындығы 100 шақырым болатын орталық 5 даңғыл мен 69 көше жөнделіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістанда ұзындығы 100 шақырым болатын орталық 5 даңғыл мен 69 көше жөнделіп жатыр

30.04.2019

Абаттандыру жұмыстары барысында Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларындағы тәжірибелер негізге алынды. Жол бойы мен ғимараттар аралығында кең көріністі кеңістік қалыптасуда. Сондай-ақ, жол бойына веложол төселіп, көшелердің қос қапталына жарық бағаналары орнатылып жатыр.

Күрделі жөндеу шаһардың кіреберіс қақпасынан бастау алатын Бекзат Саттарханов атындағы даңғылдан басталды. Биыл оның 5 шақырым жері жаңартылады. Даңғылдың ені бұрынғыдан 10 метрге кеңейді. Алты жолақты. Оның біреуі қоғамдық автобустарға арналған. Жолдың екі шетіне су ағатын бетон наулар қойылып, көк шалғын өсетін арнайы жер бөлінді. Мұнан бөлек, жаяу жүргіншілер мен велосипедке арналған жолақтар төселуде.

Ерсұлтан Мәуленов, мердігер компанияның өнідірістік бөлім басшысы:

- Қазіргі замануи технологиямен жасалуда.

Құрылыс екі ауысыммен жүріп жатыр. Жол салуға 100 адам мен 40-қа жуық техника жұмылдырылған. Құрылыс осы жылдың қыркүйегінде бітеді. Сондай-ақ, облыс орталығы мәртебесіне ие болған Түркістанда биыл тағы 69 көше жөнделеді. Ұзындығы 13 шақырым веложол төселеді. Сондай-ақ, жол қауіпсіздігі үшін оң жақ бұрылыстар жасалады. Бағдаршамдар, жол белгілері, аялдамалар мен аяқжолдар және жарықтандыру жүйесі жаңартылады.

Байдулла Оразбек, Түркістан қаласы Жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

- Сапалы салынуы қажет. Сапасы күнделікті қадағаланып отырады. Сонымен қатар, мүмкіндігі бар жерлерге оң жақ бұрылыстар жасалынады. Ол көшелерге бағдаршам, тиісті жол белгілері жасалады.

Түркістан шаһарында ұзын саны 845 көше бар. Қазір соның 100-ден астамы жөнделуде. Жол құрылысына қажетті материалдар жергілікті жерде өндірілуде. Облыс орталығында қазір 2 темір бетон бұйымдарын шығаратын кәсіпорын мен 1 асфальт зауыты жұмыс істеп тұр.

Ғани ҚАЛМАХАН

Хабарламаларға жазылу