Қазақстан мен Иран әскери теңіз күштері арасында байланыс нығайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан мен Иран әскери теңіз күштері арасында байланыс нығайды

25.04.2019

Бүгін Ақтау халықаралық теңіз портына Иранның жауынгерлік кемелері келді. Бұл - Ислам Республикасы теңізшілерінің Қазақстанға жасаған екінші достық сапары. Ақтаулықтар көрші елдің әскери теңізшілерін салтанатты түрде қарсы алды.

Меймандар қонақжай қазақтың шұбаты мен бауырсағынан дәм татты. Ақтау теңіз портына аялдаған қос жауынгерлік кеме – «Джошан» және «Сепар» деп аталады. Экипаж құрамында 120 адам бар. Ирандықтардың басты мақсаты – қазақстандық әріптестерімен танысып, өзара байланыс орнату. Олар Ақтауда 3 күн аялдайды. 

Хусейн Харири, Қазақстан Республикасындағы Иран елшілігінің әскери атташесі:

- Каспий - достық теңізі. Біз секілді оны жағалай орналасқан барлық ел тыныштықты қалайды. Теңіз бәрімізге ортақ. Сондықтан да оны қорғау - міндетіміз. Сапар барысында қазақстандық әріптестермен тәжірибе алмассақ дейміз.

Қыдыржан Мұқанов, ҚР ҚҚ ӘТК Бас қолбасшысының орынбасары:

- Бүгінгі кездесу екі ел арасындағы әскери әріптестіктің негізінде жүзеге асты. Бұған дейін Қазақстанның әскери теңізшілері Иран еліне барып қайтқан еді. Мұндай сапарлар достық қарым-қатынасты нығайтып, Каспий теңізіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етері сөзсіз.

Аягөз Оралбайқызы

Хабарламаларға жазылу