Әлемнің 39 мемлекетін велосипедпен шарлаған Талғат Жұмабековпен кездесу өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлемнің 39 мемлекетін велосипедпен шарлаған Талғат Жұмабековпен кездесу өтті

24.04.2019

56 мың шақырым қашықтық, әлемнің 39 мемлекеті. Бұл - қазақтың белгілі велосаяхатшысы Талғат Жұмабековтың 4 жылда жүріп өткен жолы. Жерлесіміз 2015 жылдан бері жер-жиһанды велосипедпен аралап жүр. Мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттап, ел танып, жер көру.

Ол әлемнің қай шаһарына барса да, туған жері Қазақстанды жарнамалап жүреді. Мәскеудегі қазақ диаспорасымен және жергілікті жұртпен арнайы кездескен велосаяхатшы, өзінің осы сапарлары жайлы әңгімелеп, ол туралы түсірілген шағын бейнероликтерін көрсетті. Еуропа, Азия және Африканың біраз жерін шарлаған Талғат Жұмабеков алдағы уақытта әлемнің өзге де құрлықтарына барып, велосаяхат туралы «Distance» деп аталатын деректі фильм түсірмекші.

Талғат Жұмабеков, велосаяхатшы:

- Бұрындары мен өз саяхатыма қатты мән бермейтінмін, көбінесе жалғыз жүрдім. Енді өзім жайлы, өзімнің сапарларым туралы фильм түсіргелі отырмын. Яғни, жаныма режиссер алып, велосипедпен Оңтүстік және Солтүстік Американы аралаймыз және оның барлығын таспаға түсіріп отырамыз.

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу