Қостанай облысында ауыл тұрғындары жол мәселесін шешіп беруді талап етіп отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысында ауыл тұрғындары жол мәселесін шешіп беруді талап етіп отыр

24.04.2019

Ой-шұқыры көп 18 шақырым жол Қостанай облысындағы Ақсай ауылы тұрғындарын әбден титықтатып жіберген. Әсіресе қар еріп, жаңбыр жауғанда бұл жолмен жүру - нағыз азап. Көліктің дөңгелегі ми батпаққа кептеліп немесе тайып жиекке құлап, далада қалған кездер де болған. Өңірдегі әріптесіміз Дәуренбек Әбдібек алыстағы Ақсайға барып, жолдың жағдайын көзімен көріп қайтты.

Кедір-бұдыры көп жол ашық күндері де көліктің еркін жүйткуіне мүмкіндік бермейді. Абайламасаңыз сансыз шұқырдың біріне соғылып, темір тұлпарыңызды зақымдап алуыңыз әбден мүмкін.

Марат Исмагулов, жүргізуші:

- Жиі батамыз. Жаңбырда қиналамыз, қарда қиналамыз.

Жол бойындағы суағарлардың да сиқы қашқан. Тастары ортасынан жарылып жатыр. Ал, басына қызыл шүберек байланған мынадай қазықтар қауіпсіздік үшін қойылған. Мысалы мына жердің топырағы ойылып, төмен түсіп кеткен. Яғни, жолдың астындағы құбыр жарылған.

Ақсай – 400-ден астам тұрғыны бар іргелі елді мекен. Жер көлемі 100 мың гектардан асады. 19 шаруа қожалығы мен 2 ірі серіктестік төрт түлік өргізіп, егін салумен айналысады. Аудан орталығы Аманкелдіден 150, облыс орталығынан 300 шақырымдай қашықта. Тұрғындарға қиындық тудырып отырған осы Әулиекөл-Жалдама бағытынан бұрылып, ауылға апаратын 18 шақырым жол.

Бұл жағдайдан жергілікті билік хабардар. Аудандағы 5 ауылдың жолын жөндеуге техникалық құжаттама да әзірленген. Оның ішінде Ақсай да бар. 18 шақырымға орташа жөндеу жүргізуге 534 млн теңге қажет деп есептеліпті. Алайда әзір тиісті қаржыны бөліп жұмысты бастап кету жоспарда жоқ. Биыл Әулиекөл-Жалдама бағытында тек Наурызым ауданының орталығы Қарамеңдіге апаратын бұрылыс жол ғана жөнделеді.

Облыс бойынша биыл барлығы 500 шақырымға жуық жол орташа жөндеуден өтеді. Бұл мақсатқа республика және облыс бюджетінен 16 млдр теңге бөлінген. Ал, ақсайлықтарға ортақ қазынадан қаржы қарастырылғанша жол қатынасының қиындығына көндіге тұруға тура келеді.

Дәуренбек ӘБДІБЕК

Хабарламаларға жазылу