Төтенше жағдайлар комитетінің мәліметінше, ғимараттың апатты бөлігі түнде опырылып түскен. Абырой болғанда зардап шеккендер жоқ. Ал, жергілікті билік өкілдері мектепке жапсарлас салынған нысанды жоспарлы түрде түнде әдейі бұзып тастағандарын мәлімдеген.
Сағындық Сәбитұлы, тілші:
- Бұл ғимарат екі бөліктен тұрады. Біріншісі 1936 жылы, екінші бөлігі 1971 жылы қосымша ретінде салынған екен. Және апатты деп танылып қирағаны бертін салынғаны болып шықты.
Мектептің қираған аумағы шамамен 50 шаршы метр. Қабырға құлағанда ғимараттың өзге бөліктеріне де зақым келіп, әйнектері сынған. Жапсарлас салынған кіре беріс осыдан 2 ай бұрын апатты деп танылыпты. Сондықтан, ғимараттың жарамсыз бөлігін түнде өзіміз әдейі құлатып, таң атқанша маңайды тазалап үлгердік дейді жергілікті атқамінерлер.
Қайрат Әміржанов, Тайынша ауданы әкімінің орынбасары:
- Жаспарлас бөліктің қабырғасы қақырай бастағасын, эксперттерді шақырттық. Апаттық деп танылды. Оқу жылы аяқталғасын бұзамыз деп жоспарланған едік. Бірақ күн жылынғасын ғимарат отырып, қисая бастағасын, түнде бұзу туралы шешім қабылдадық.
Мұнда 361 оқушы екі ауысымда оқиды. Білім ошағының басшылығы кіре беріс ғимараттың бұзылатынын жұрттың бәріне хабарладық дейді.
Ольга Иванова, мектеп директоры:
- 23 сәуір күні екінші ауысымдағы сабақтар аяқталғасын қосымша бөлмені бұзу жұмыстары басталды. Таңғы 8:00-ге дейін негізгі жұмыстар аяқталды. Балалар 8:00-де келіп парталарына отырып, сабақтарына кірісті. Бәрі жоспар бойынша жүргізіліп жатыр.
Ал ата-аналар ешкім ештеңе ескертпеді, ғимараттың бұзылғанын енді ғана білдік деп аң-таң. Қабырғасы сөгілген білім ошағында балаларымыз енді қалай оқиды деп олар жан ұшырып жүр.
Қазір мектепте жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Жергілікті билік оқушылар мен ұстаздар үшін қауіпті ештеңе жоқ деп сендіріп отыр. Сондықтан сабақ доғарылмайды.
Сағындық СӘБИТҰЛЫ