Ақтөбеде «Кәсіпкер ана» жобасы қолға алынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде «Кәсіпкер ана» жобасы қолға алынды

23.04.2019

Ақтөбелік көпбалалы аналар бизнеске келуге ынталы. Облыс орталығында ұйымдастырылған «Кәсіпкер ана» жобасына 60-қа жуық әйел қатысып жатыр. Оларға кәсіпкерлік негіздері мен іс жүргізу жолдары тегін үйретіледі. Курстан өткендер мемлекет қолдауымен өз істерін бастауға мүмкіндік алады.

Әсемгүл - төрт баланың анасы. Жолдасы жұмыстан шығып қалған. Сондықтан өзі кәсіп ашып, іс бастауға бекініпті. Бизнес негіздерін меңгерген соң тігіншілікпен айналысуды көздейді. Әзірге қаражаттың жоқтығы қолбайлау болып тұр.

Әсемгүл Атабаева, қала тұрғыны:

- 50-ақ мың айлық жетпейді ешқайда. Күйеуім жұмыстан қыстартылып, үйде отыр. Балам 1,5 жаста, үлкенім 14-те. Сертификат алып, болашақта бизнес ашқым келеді, шағын.

Өңірде Әсемгүл секілді кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгеруге талпынғандар саны артқан. Сондықтан «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы көп балалы және ерекше күтімді қажет ететін балалардың аналары үшін «Кәсіпкер ана» жобасын қолға алды. Ниет білдірушілер кәсіпкерлік негіздерінен бөлек интернет-дүкен ашуды және желіде өз бизнесін жүргізуді меңгереді.

Ержан Нұрғалиев, бизнес-тренер:

- Аналарға өздері төменнен бастап, үлкен жетістікке жеткен көпбалалы аналар тәжірибелерімен бөліседі. Бұл курстың ерекшелігі де сол - табысты болуға кез келген адамның мүмкіндігі барын көрсету. Олар маркетинг, қаржы және кәсіпкерлік психологиясын меңгереді.

Мамандар курстан өткендердің кемінде 20 пайызы бизнеске келетінін айтады. Оларға берілетін сертификаттар мемлекеттік бағдарламалар арқылы грант ұтуға және несие аларда жеңілдікке ие болуға мүмкіндік береді. Бұған дейін өңір кәсіпкерлері Израильға барып, мүмкіндігі шектеулі жандардың бизнес жүргізу әдістерін меңгеріп келген. Аналардың сол озық тәжірибені меңгерулеріне де жағдай жасалып жатыр.

Анар Даржанова, облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры:

- Өзіміздің жинаған тәжірибемізді осы ата-аналарға айтып, түсіндіріп, оларға теориялық жағынан мүмкіндік беріп, алдағы уақытта қаражатқа қол жеткізуіне жағдай жасаймыз деп есептейміз. Биыл «Бизнестің жол картасы» бойынша облыста 40 миллион теңге бөлінген. Осы қаражатты осы ата-аналардың қол жеткізулеріне мүмкіндігі бар.

Қазір Ақтөбеде шығарылатын өнімнің 40 пайызы әйелдерге тиесілі. Олар 23 мыңнан аса шағын және ортакәсіпкерлік нысандарына басшылық етіп отыр. Мамандар бұл көрсеткіштің әлі де өсетініне сенімді. Ең басты мақсат – көпбалалы және мүгедек бала асырап отырған аналарға қолдау көрсету.

Жақсыбек КЕМАЛ

Хабарламаларға жазылу