Шығыс Еуропадағы мемлекеттен біздің де үйренеріміз көп. Қос ел дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан 27 жыл ішінде алыс-берісті арттырып, достықты нығайтуға күш салып келеді. Еліміздің осы мемлекеттегі дипломатиялық миссиясының мақсаты - болгар кәсіпкерлерін елге көптеп тарту. Сенімді серіктестердің болашаққа жоспарлары да жетерлік.
Болгария -Қазақстанның Қара теңіз өңірі мен Балқан түбегіндегі негізгі серіктесі. Ал, Қазақстан - Болгарияның Орталық Азиядағы басты әріптесі. Қос елдің тауар айналымы былтыр 213 млн долларды құрады. Біздің ел Болгарияға негізінен мұнай мен шикізат экспорттайды. Болгарлар бізге құрылыс материалдарын, электр аккумуляторлары мен дәрі-дәрмек тасымалдап отыр. 2005-2018 жж. аралығында болгар кәсіпкерлері қазақ экономикасына 12 млн доллардан астам қаржы құйған. Алыс-берісті арттырып, байланысты бекемдеуге қос тарап та мүдделі.
Илияна Йотова, Болгария Республикасының вице-президенті:
- Достастық екі ел қос халықтың қатынасын тамаша дамытып келеді. Адамдардың достығы-билік институтынан да маңызды. Қазақстанда бірнеше болгар мектебі, болгарлардың үлкен диаспорасы бар. Болашақта елдеріңізге арнайы сапарлауды жоспарлап отырмын. Қазақстан - өте әдемі, мәдениеті, тарихы бай, ескі дәстүрді сақтаған, бейбітсүйгіш мемлекет. Сондықтан біз дәстүрімізді жаңғыртып, мәдени байланысты нығайту үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек.
Қос ел ауылшаруашылығы, «жасыл» энергия, көлік-логистика саласында да ортақ жобаларды жүзеге асырудан ниетті.
Даниела Дариткова, Болгария парламентінің депутаты, «Қазақстанмен достық» парламенттік тобының төрайымы:
- Қазақстан қазіргі жаһандық демократиялық даму үрдісі аясында өркендеп келеді. Соңғы өзгерістер, ел Тәуелсіздігі мен халықтың мүддесін қорғай отырып, елдеріңізді бұрынғыдай тұрақты, сенімді және жауапты серіктес ететініне сенімім мол. Біздің білім саласындағы екіжақты тәжірибеміз көңіл қуантарлықтай. Соны әрі қарай кеңейтіп, дамытуымыз керек.
Болгарлар білім, ғылым саласында да ынтымақты арттыруға ынталы. Соңғы екі жылда екі елдің бірқатар оқу ордалары әріптестікті нығайту туралы келісімшарт бекітті. Софияда қазір қазақ тілін оқытатын екі орталық жұмыс істейді.
Нұрсұлу Қасым, тілші:
Қазақ-болгар достығының тағы бір дәлелі - мына Астана көшесі. Бұл - Болгария үкіметінің елорданың 20 жылдығына тартуы. Көше былтыр желтоқсанда ел астанасы Софияның ең көрікті жерлерінің бірінде ашылды. Бойында екі ұлттық мұражай, мәртебелі меймандар тоқтайтын 5 жұлдызды қонақ үй мен Еуропалық Одақ метростанциясы орналасқан.
Болгариядағы қазақ диаспорасының өкілдері мен Қазақстанда тұратын 4,5 мың болгар әлдеқашан екі ел арасындағы алтын көпірге айналған.
Нұрсұлу Қасым